02.07.2019, 23:11 10645

Арыс қаласы қалыпты өмірге оралып келеді

Бүгін Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде брифинг өтті.

Нұр-Сұлтан. 2 шілде. Kazakhstan Today - АРЫС: ҚАЛА ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛЫП КЕЛЕДІ

Бүгін Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде брифинг өтті. Жиында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Биятов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев соңғы мәліметтерді жариялады.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, қаланы қалпына келтіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

"Қазір қала 17 секторға бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жарамсыз күйге түскен және зақым келген үйлерді тіркеу, шығынын есептеу шаралары жүйеленуде. Әрбір облыс, әрбір аудан, қалам әкімдіктері өздеріне бөлінген аумақта жұмысты бастап кетті. Арыс қаласында азық-түлік дүкендері мен наубайханалар да ойдағыдай қызмет атқаруда. Қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалы да бұрынғыша қалыпқа келтірілді. Үйі жарамсыз болып қалған тұрғындарға 800 орындық уақытша лагерь дайындалды. Ол үш мезгіл тамақпен қамтылған", - деді әкім.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Биятов саперлар қала аумағын таңнан кешке дейін аралап, тазалау, тексереу жұмыстарын жалғастырып жатқанын, ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен, тұрғындар күмәнді заттарды байқаса, дереу 112 және 102 нөмірлеріне хабарласу керектігін жеткізді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, жарылыстан кейін 77 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 40-ы жазылып, үйлеріне жіберілген. Бес науқас республикалық емдеу мекемелеріне жатқызылған. Қазіргі таңда Арыстағы 17 секторда бір-бір жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қала аумағында 4 мобильді медициналық пунктер орнатылған. Дәрі-дәрмек пен мамандар жеткілікті.

АРЫС: 435 ҮЙГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен. 27 үй толықтай қайтадан салынады.

Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті. Олар тұрғын үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп, 435 үйге жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚОЙМАЛАРЫ ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Арыстағы апаттан зардап шеккен арыстықтарға бүкіл қазақстандық қол ұшын созып, гуманитарлық көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда қоймаға 510 тонна тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 400-ден астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа таратылды.

Бұдан бөлек "Түркістан" әлеуметтік даму корпоротивтік қорына Арыс халқына арнап 1 млрд. 200 мыңнан астам қаржы жиналды.

Сондай-ақ, Арыс қаласындағы гуманитарлық көмек қоймаларына онлайн веб-камералар орнатылды. Қоймадан тікелей көрсетілімді www.barlau.kz/company/tx/ сайтынан көре аласыздар.

АРЫСТЫҚ БАЛАЛАР "ОТЫРАР" ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНДЕ ДЕМАЛУДА

Арыс қаласында орын алған жағдай жалпы қазақ елінің қабырғасын қайыстырған оқиға болды. Әйтсе де, арыстықтардың басына түскен сынақты ел болып көтеріп, жұмыла көмектесудің арқасында қалаға қайта жан біте бастады. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей басшылығымен қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ел басына күн туғанда отырарлықтар да қарап қалмады. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов бастаған киелі аймақтың депутаттары, кәсіпкерлері мен белсенді жастары және ерікті азаматтар күндіз-түні дамыл таппай қаланы тазарту жұмыстарын жасап жатыр. Бұған дейін отырарлықтар арыстық ағайындарға қонақжайлылық танытып, бауырына басып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен болатын. Арыстағы жағдай қалыпқа келген соң еліне асыққан көршілес ағайынға отырарлықтар көмек қолын созып, оларды үйлеріне жайғастырып, қажетті заттарын алып беріп жүр.

Арыстықтар үйлеріне жайғасып болғанша олардың балалары Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы "Отырар" жазғы сауықтыру лагеріне демалуда. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес ол жақта да арыстық балалар ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтылып, түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ондағы басты мақсат - үрейленген балалардың қиындықты ұмытып, балауса балғын шақтарын көңілді, әрі уайымсыз өткізу. Салқын ауа, табиғаты келіскен таулы аймақ балаларды алаңсыз қуанышқа бөлеп, мәз-мейрам күйге бөлеген. Отырарлық балалармен бірге тіл табысып, доп теуіп, суға шомылып, ән салып, би билеп жүрген балғын балалардың жүздеріне күлкі үйіріліп, көңілдері шаттыққа кенелген. Таң қылаң берісімен әр топқа бөлініп, ұрандап сапқа тұрып, тауға серуендеп бір сәт тынығып қайтатын балалар бір-бірімен жақын сырласатын достар тауып, әңгімелері жарасып мәре-сәре болып жүр.

Арыстық балалармен бірге келген Арман Оралбаев 9 жаста. Оның ата-анасы қазіргі таңда Арыс қаласында. Футбол ойнауды жақсы көретін Арман лагердегі демалыс күндерінің жақсы өтіп жатқанын айтып, осындай қызықты демалысты ұйымдастырған Отырар ауданының әкіміне алғысы шексіз екенін жеткізді.

АРЫСТАҒЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛМЕК?

Арыста облыс басшылығымен өткен кездесуде жергілікті кәсіпкерлерге жеңілдікпен берілетін несиелер туралы ақпарат берілді.

Іс-шараға қатысқан арыстық кәсіпкерлердің сұрақтарына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімнің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев,Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров жауап берді.

Жиналған кәсіпкерлер бизнеске қатысты сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды. Осы бағытта арыстық бизнесті қолдауға қатысты жақын арада атқарылатын жұмыс жоспары жайында ақпарат берілді.

"Арыс қаласын қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметтен10 кешенді шара белгіленді. Соның ішінде 3 қолдау шарасы Арыс қаласының кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған", - деп атап өтті өңір басшысы.

Атап өтейік, Арыс қаласында тіркелген 346 кәсіпкерлік нысан бар, соның ішінде 258 кәсіпкерлік нысан немесе 78% төтенше жағдай салдарынан зақымданған. Қазіргі таңда 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын, ал 5 нысанды қайтадан құру жұмысын жүргізу қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына ірі бизнес өкілдері қолдау көрсететінін, сондай-ақ бұл жұмыс ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жетекшілік етуімен жүргізілетінін атап өтті.

"Кәсіпкерлермен жұмыс істеу, келтірілген зардаптың ауқымын анықтау, қаражат бөлу жұмыстары қолға алынуда. Апат орын алған соң Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа Палатаның 25 қызметкері жұмысқа кірісіп кетті. Жергілікті бизнеске келтірілген зардап тіркелген. Ендігі кезекте нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін атқарушы органдар тиісті бағалау жұмыстарынжүргізеді, ал кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнестің құқығын қорғау мақсатында бақылаушы қызметін атқаратын болады. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін, зақымданған объектілерді мүмкіндігінше 1 ай ішінде қалпына келтіру жоспарлануда", - деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.

Осы мақсатта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы үй-үйді аралап, кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізеді. Келтірілген шығын бағаланып, сметасы шығарылады. Кейін кәсіпорын иесі бағалау нәтижесімен танысып, қол қояды. Ары қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

Спикердің айтуынша, қаражат бөлу екі механизм бойынша жүргізіледі. Бірінші механизмде аз көлемде шығыны бар компанияларға келісіммен кәсіпкерлік нысанды тез іске қосу мақсатында кәсіпорын иесінің шотына (1-2 млн теңге шамасында) қаражат аударылады. Ал екінші механизм бойынша үлкен көлемде шығыны баркәсіпкерлерге қаражат палата-кәсіпорын-құрылыс компаниясы (жөндеу жұмыстарын жүргізеді) арасында үшжақты келісім жасалып, жүзеге асыралады.

Кәсіпорындарды қалпына келтіру мәселесі қызу талқыланды. Кәсіпкерлер өз мәселелеріне қатысты мұң-мұқтаждарын айтып, сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды.

Бұған қоса, Арыс қаласының шағын және орта бизнесіне 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпкерлерік субъектілеріне арнап 5 млн теңгеге дейін 1 пайыздық жеңілдікпен несие беріледі.

2019 жылдың 1 маусымдағы жағдайы бойынша Арыс қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 433 бірлік (жалпы саны 3 707), оның ішінде 522 заңды тұлға, 1 802 жеке кәіпкер және 1 109 шаруа қожалығы. Қызмет көсрету түрі бойынша 40,6%-ы - ауыл шаруашылығында, 31,9% - сауда, 12,1% - қызмет көрсету, 15,4% - басқа да қызмет түрлерімен айналысады.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы әкімдігі Арыс қаласының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында "Қамқор" бағдарламасын қабылдады.

Бағдарлама 1% сыйақы мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін кепілсіз несие беруді көздейді. Несиенің мерзімі - 4 жылға дейін және 6 айға дейін несиені төлеуге жеңілдетілген кезең қарастырылған. Негізгі талап - екі кепілгердің болуы қажет.

Аталған қолдау барлық кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеулерсіз ұсынылатын болады. Жеңілдетілген несие "Ырыс" микроқаржы ұйымымен ұсынылады.

Өңір әкімінің орынбасарының мәлімдеуінше, қазірдің өзінде Арыс қаласының 2 кәсіпкеріне жеңілдетілген несие-10 млн теңгеге дейін қолдау көрсетілді. Бұл өтінімдер бойынша шұғыл түрде шешім қабылданатынына назар аударды.

Сонымен қатар, бұл Бағдарлама аясында қаражат қажеттілігі кәсіперлер үшін тапшы болып жатса, 1% мөлшерлемеденесие ұсынудың 2-ш кезеңі ұсынылатын болады.

Спикердің айтуынша, бұл жоба облысы әкімідігі және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы пысықталуда. Демек, қажет болған жағдайда аяқталған жоба Арыс қаласының кәсіпкерлері үшін қосымша жүзеге асатын болады.

Бұдан басқа, бүгінгі таңда оңтүстік аймақтың инвестициялық орталығы, Ырыс микроқаржы ұйымы, Агронесие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қаржы институттары арқылы несие алған 150-ге жуық кәсіпкердің 400 млн теңге көлеміндегі осыған дейін алған несиелеріне жеңілдіктер жасалатын болады. Яғни, төлем кестесін өзгерту, айыппұлын қысқарту, несие бойынша негізгі қарызға жеңілдік кезеңін беруді көздейді.

Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтық каникулдар ұсыналатын болады.

Бұдан басқа шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін қолдап, оларды қажетті тапсырыстармен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 2019-2020 жылдары аралығында 100 млрд теңгеге жуық 14 инвестициалық жобасын іске қосу жайында да ақпарат берілді.

Атап өтетіні, жергілікті бизнесті қолдау мақсатында Арыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлеуден босату қарастырылуда.

Арыстық кәсіпкерлерді заңды тұрғыдан сүйемелдеуге қатысты сұрақтар бойынша Арыс қаласы, Қонаев көшесі, 9 а, 14 кабинет (1 қабат) КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНА немесе 8 (72540) 5-91-54 нөміріне хабарласуды сұраймыз!

Жауапты мамандар:

1. МАХМУТ Жомарт Мақсұтұлы - 8-701-908-10-32

2. ТУЛЕБЕКОВ Маханбет Шалкарұлы - 8-775-977-32-58

3. АШИРБЕКОВ Ханай Асанұлы - 8-702-411-22-22

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ДА АРЫСТЫҚТАРМЕН БІРГЕ!

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты еліміздің барлық өңірлерінен гуманитарлық көмек жеткізіліп жатқаны белгілі. Осы игі істен Қазақстан халқы ассамблеясы да шет қалған жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ассамблея мүшелері Арыс жұртшылығына қолдау көрсете білді.

Нұр-Сұлтан қаласы "Достық" үйінде арнайы штаб құрылып, "Арыс. Біз біргеміз!" акциясы өтті. Осы акция аясында жиналған 7 млн. теңгені құрайтын 40 тонна азық-түлік, тұрмыстық заттар мен киім-кешек, төсек-орындарды арнайы жүк көлігімен Арыс қаласына жеткізілді.

Сонымен бірге ассмблея мүшелері заттай және қаржылай көмек көрсетіп, арыстықтармен бірге екенін көрсетті.

АРЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН "ҚАМҚОР" БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Арыс қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған "Қамқор" бағдарламасы іске қосылды. 5 млн. теңгеге дейін берілетін 1%-дық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты - 4 жылды құрайды.

Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінуде.

Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн. теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады.

Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн. қаржы бөлініп отыр. "Даму" қорынан қосымша 300 млн. қарастырылады.

АРЫСТА БАНК БӨЛІМШЕЛЕРІ МЕН САУДА ОРЫНДАРЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

Төтенше жағдайды бастан өткерген Арыс жұртшылығы туған қалаларына оралып, тіршілік қыза түсті. Арыстағы барлық банк бөлімшелері ашылып, жұмысын бастап кетті. Тұрғындарға жалақы, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы және жәрдемақы аударылуда.

Қаладағы сауда орындары мен базарларда, дүкендерде азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар, тауарлар сатылып жатыр. Ұн, макарон өнімдері, киім-кешек, көкөніс сатылымға шықты. Мал базары да ашылды. Кәсіпкерлер қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

Ал дүкеніне зақым келген кәсіпкерлерге нысандарды жөндеу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы секторларға бөлінген құрылысшылар көмектеспек. Нысандар қысқа мерзімде жөнделеді.

Арыс қаласында 340-тан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Оның ішінде 164 дүкен, 5 базар, 8 тойхана, 28 кафе, 6 наубайхана, 5 дәмхана, 5 қонақ үй тіркелген. Осы нысандардың зардап шекпегендері қалыпты жағдайда жұмысқа кірісіп кетті.

АРЫС: ЖЕРГІЛІКТІ БЕЛСЕНДІ ТҰРҒЫНДАР ДА ЖҰМЫСҚА АРАЛАСТЫ

Бүгін Түркістан облысында күннің ыстығы 40 градустан асты. Осыған қарамай Арыс қаласында 17 секторға бөлінген аумақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен штабтың жұмысына кіріскен Ұласбек Сәдібеков бүгін секторларды аралап, азаматтармен ақылдасты. Алдағы жұмыстарды жүйеледі.

Қазір әрбір облыс пен аудандар бекітілген штабтарда 2 бағытта жұмыс істеліп жатыр. Біріншіден, зардап шеккен үйлерді бағалау, есептеу қолға алынды. Соған сай жөнделетін болады. Екіншіден, тұрғындар арасынан әрбір 10 үйге 1 белсенді жетекші сайланып, елмен тығыз қарым-қатынас орнады. Бұл қадам елдің осындай жағдайда өзін-өзі басқаруына мүмкіндік беріп, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Мәселен, Келес ауданына жауапты №12 секторда 624 отбасы енсе, солардың арасынан 62 жетекші өкіл белгіленді. Азық-түлік тарату, үйлерге бағалау жүргізу осы жетекшілерді қатыстыра отырып іске асады. Жалпы, Арыс бойынша 700-дей белсенді өкіл белгіленіп, жауапкершілікті арқалап, штабтармен бірлескен әрекетке көшеді.

Осы еріктілер арасында тапсырылған істі толық түсінбей немесе тәжірибесі жетпей жатқандары да бар. Ең бастысы, олар жергілікті атқарушы биліктің өкілдерімен бірлесіп, туындаған ортақ проблемаларды шешуге ұмтылуда. Азаматтық қоғамның бір көрінісі - осы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

2019 жылғы 1 шілдедегі Арыс қаласы бойынша жоспардан тыс алынған сынамалар анықтамасы

01.07.2019ж. (09:00 ден 13:00 дейін) "Қазгидромет" РМК Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша Филиалдарымен жоспардан тыс атмосфералық ауа, радиациялық фон және жер үсті сулар бойынша сынамаларды алу ұйымдастырылды.

Атмосфералық ауа сынамалары 9 нүктеде 6 ластаушы заттар бойынша алынды:

1.Ақынбеков көшесі

2.Балабақша "Алтын балапан"

3.№376 мектеп

4.Казпочта

5.Атамұра көшесі Әскери бөлімнің маңы

6.Есполатов көшесі

7.Паркая көшесі

8.Базар

9.Қазыбек би көшесі

№Ластаушы заттар Өлшенген шоғыр Норма

1Қалқыма заттар 0,22 мг/м3* 0,5 мг/м3

2Азот диоксиді 0,05 мг/м3 0,2 мг/м3

3 Азот оксиді 0,07 мг/м 3 0,4 мг/м3

4Көміртегі оксиді 2 мг/м3 5 мг/м3

5Күкірт диоксиді 0,009 мг/м3 0,5 мг/м3

6 Формальдегид 0,04 мг/м3 0,05 мг/м3

*мг/м3 - миллиграмм метр куб

Талдау нәтижелері бойынша барлық 9 нүктеде ластаушы заттардың асуы байқалмады.

Радиациялық фон (экспозициялық дозаның қуаттылығы рұқсат етілген нормадан аспады - 0,15 мкЗв/ч (норма 0,57 мкЗв/сағ** жоғары емес);

Радиоактивті түсулердің тығыздығы - 95 Бк/м2 (норма - 110 Бк/м2*).

*Бк/м2 Беккерель на квадратный метр/ **МкЗв/ч - Микрозиверт в час

Жер үсті су сынамаларын алу 4 нүкте бойынша жүргізілді:

1.Арыс өз. жоғарғы ағысы -Сарыарық а. көпірінің жаны

2.Ортаңғы ағыс, Арыс қ., Арыс ГБ

3.Төменгі ағыс, Шәуілдір а., 2 км қашықтықта

4.Сырдария өзенінің құяржерінде, Шәуілдір ГБ

Сынамалар алу су сапасының 48 көрсеткіші бойынша жүргізілді:

көзбен шолып бақылау, су температурасы, сутегі көрсеткіші, оттегімен қанығу, меншікті электр өткізгіштігі, еріген оттегі, қалқыма заттар, түстілігі, мөлдірлігі, иісі, көміртегінің қос тотығы, оттегінің химиялық тұтынылуы, 5 тәулік ішінде оттегінің биохимиялық тұтынылуы, хлоридтер, сульфаттар, гидрокарбонаттар, кальций, магний, натрий мен калий жиынтығы, иондар жиынтығы, құрғақ қалдық, кермектік, аммоний ионы, нитрит-анионы, нитрат-анионы, азот жиынтығы, фосфаттар, жалпы фосфор, жалпы темір, темір (3+), кремний, фторидтер, СББЗ, кадмий, қорғасын, марганец, мыс, мырыш, кобальт, хром (3+), хром (6+), жалпы хром, күшән, никель, сынап, күкіртті сутегі, мұнай өнімдері, фенолдар.

01.07.2019ж. жүргізілген талдау нәтижелері бойынша ауыр металдар мен биогенді заттарды қоса алғанда су сапасының 29 көрсеткішібойынша бекітілген нормадан асу анықталған жоқ. Су сапасының қалған 19 көрсеткіштері бойынша талдаулар 5 күн ішінде дайын болады.

Жер үсті сулары мен атмосфералық ауаның талдау нәтижелері бойынша жоғары және экстремалды-жоғары ластану анықталған жоқ.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны