Система Orphus

Асхат Байұзақов: "Елімізде Брайль жүйесіндегі кітаптар, әсіресе, қазақ тіліндегі әдебиеттер жоқ"

30.12.2019, 15:24 32455

Алматы. 30 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматыда зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бар. Бұл кітапхана республикадағы зағип жандарға арналған кітапханалардың әдістемелік орталығы болып табылады. Әрдайым олардың жұмыстарын үйлестіріп, әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Міне, осы жұмыстар туралы жан-жақты айтып беру үшін біз кітапхана директоры Асхат Байұзақовқа жолығып, сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Асхат Құсайынұлы, әлемде тегін білім беретін жалғыз орда- оқырмандардың алтын ордасы - осы кітапхана дер едім. Жыл мойыны көрінді. Мәртебелі ұлы уақыт тағы бір жылды, 2019 қабан жылын жапты. Жалпы қабан жылы қалай өтті?

- Сөз басында өзіміздің кітапхананың өзге кітапханалардан ерекшелігі туралы жалпы түсінік бере кетейін. Біздің кітапхана - арнайы кітапхана. Біз зағип жандарға қызмет көрсетеміз. Кейбір кітапханалардың тұсынан, ішіне кірмей адамдар өтіп жатады. Ал бізде олай емес. Бір де бір оқырман біздің кітапхананың тұсынан өз шаруасымен болып, бізге бас сұқпай өтпейді. Бұл біздің оқырманымыз көп деген сөз емес. Біздің кітапхана зағип жандардың қасиетті Меккесі. Олардың кездесетін орны. Пікірталас алаңы. Жарық дүниені көретін адамға қайда барса да жол ашық. Алаңсыз қыдырып, жүре береді. Ал біздің зағип жандар беталды жүре бермейді. Олардың Алматы қаласында бас қосатын орны осы - республикалық кітапхана.

- Сонда зағип жандар кітапты көп оқи ма?

- Әрине. Алла оларға жарық әлемді көлегейлеп қойған соң, олардың көп уақыты кітап оқумен өтеді. Сонымен қатар, біздің зағип азаматтар көзі көретін адамдардан білімді болып келеді. Себебі, олар көп оқиды,көп ізденеді. Заңдарды жақсы біледі. Олар осылайша өз өмірлерін жеңілдетеді.

- Олар кітапханаға жиналып алып ертелі-кеш кітап оқитын болды ғой?

- Мұның әр түрлі формасы бар. Зағип адамның сырттан ақпарат қабылдауының екі тәсілі бар. Бірі - құлақпен есту. Кітапханамызда күнара іс шаралар өтіп тұрады. Мәселен, биыл барлығы 65 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл іс-шаралар еліміздегі айтулы даталар мен зағиптар өмірінде әлемдік маңызы бар оқиғаларды қамтыды. Әр шараға кітапханашы қыздарымыз терең ізденіп, дайындалды. Іс-шараға оқырмандар көптеп жиналады. Өздеріне қажетті ақпараттарды алады. Яғни, білімін толықтырады. Сонымен қатар, жыл сайын дыбыстандырылған кітаптардыбіз оқырмандар сұраныстарына қарай, шығаруға тырысамыз. Кәдімгі SD дискіге жазылған MP3 форматтағы сөйлейтін кітап.

Айта кету керек, жыл басынан бері "Менің жолым" атты сөйлейтін газет жаңа форматта шығып жатыр. Газеттің формасы анықталып, бір жүйеге түсті. Енді мазмұнын жақсарту жолында жұмыс істейтін боламыз. "Менің жолым" облыстағы оқырмандарымыздың жүрегіне жол таба бастады. Олар бұл басылымды асыға күтетіндерін айтып, бізге хат жазуда. "Менің жолым" еліміздегі барлық кітапханалардың істеген жұмыстарын жариялап, бәрінің кездесу алаңына айналды. Осының нәтижесінде, құлақпен есту арқылы қабылдауына мүмкіндік жасалды дер едім.

Кітапханадан шығарылатын арнайы "РБНСГ - Вести" газетінің көлемін үлкейтіп, ай сайын шығармақ ниеттеміз.Әрине, бұл министрлік қолдаса ғана жүзеге асырылатын шаруа. Әйтсе де, екі айда бір рет шығарылатын "РБНСГ-Вести" газетіндегі ақпарат оқырмандардың қолына жеткенше маңыздылығын жоғалтады.Ал, ақпарат, күнделікті өмір талабындағы қажеттілік дер едім.

Енді зағип азаматтардың қолмен ұстап сезіну арқылы ақпарат қабылдау барысы жайлы. Мәселен, кітапханамыздағы түркі халықтарының алтын бесігі іспетті Қожа Ахмет мовзолейінің макеті. Олар оны қолмен ұстап қандай ғимарат екендігін сезінеді. Әрине, мұндай макеттер көпемес. Оларды жасау қымбат тұрады. Екінші, зағип азаматтардың ең бір сенімді серігі, білім нәрін алатын Брайль қарпіндегі кітаптар. Бедерлі-нүктелі қаріптегі кітаптарды олар саусақпен сезініп отырып оқиды. Кітапханада Брайль кітаптарының қоры 55801 құрайды.

-Брайль кітаптарын қалай толықтырасыздар? Елімізде кітап шығаратын орталық бар шығыр?

Арнайы кітапханалардың зағип жандар үшін ақпарат беретін негізгі қуат көзі - бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптары. Адам ақпараттың 90 % көзбен көру нәтижесінде қабылдайды. Зағип жан бұл қабілеттен мақұрым! Әрбір адамның өмірге көзқарас қалыптастыруы, өз орнын табуы, мамандық алуы және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін заман талабына сай өздерін дамыту қажет. Мұның бәрі көп оқуды талап етеді. Әйтседе, көз жанарынан айрылып, айналасындағы әлемді саусақ ұшымен танитын ерекше зағип жандардың көңіліне демеу болатын Брайль жүйесіндегі кітаптар өкінішке орай, өте тапшы. Әсіресе, сауаттылығын бедерлі-нүктелі қаріптегі кітаптар арқылы жетілдіретін балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы.

Елімізде Брайль жұйесіндегі кітаптар, әсіресе, қазақ тіліндегі әдебиеттер жоқ болғандықтан, зағип жандарға арналған арнайы кітапханаларда оқырмандардың сұраныстарын өз деңгейінде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр.

Қазіргі таңда орыс тілінде Брайль жұйесіндегі кітаптар ресейлік "ЧУ ИПО Чтение ВОС", "Логос" және "МИПО Репро" баспаханаларынан қымбат бағада сатып алынуда.

Еліміздегі зағиптарға арналған арнайы кітапханаларда көру қабілеті нашар адамдар үшін ақпарат ресурстарына, ең алдымен оқу материалдары мен ақпарат құралдарына, кәсіби қызметке қажетті құжаттарды және көркем әдебиетке кедергісіз және толық көлемде қол жеткізу үшін Брайль жұйесіндегі кітаптар шығаратын баспахана өте қажет.

Кітапханада кеңес үкіметі уақытынан бері қолданылып келе жатқан Брайль жүйесіндегі кітаптардың әбден тозығы жеткен. Кезінде Алматы қаласында Қазақ соқырлар қоғамына қарасты типография жұмыс істеген. Кейін белгісіз себептермен типография жабылып кітап басылымы тоқтатылған. Бүгінгі таңда кітапханада Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын оқырмандар сұраныстарын ғана қанағаттандыратын бөлім жұмыс істейді.

Өкінішке орай, Қазақстанда Брайль қарпінде кітап шығаратын баспахана жоқ. Іргелес көрші республикаларда кітапхана базасынан баспахана ұйымдастырылған. Сол баспахана Брайль қарпіндегі кітаптармен оқырман сұранысын қанағаттандырып отырады екен. Шіркін, бізде де солай болса ғой, деп армандап қоямыз.

Жоғарыдағы іс-шараларға қоса толып жатқан кітап көрмелерін қосыңыз, сонымен қатар брайль жүйесімен компьютерлік сауаттылық сабақтары күн сайын жүргізіліп жатады. Өзге мекемелермен жасалынған меморандумдар бойынша жұмыс жүргізіледі. Қысқасы біздің кітапхана қайнаған еңбек ортасы.

- Биыл Республикалық ауқымда ірі іс-шара ұйымдастырылды ма? Ондай атқарылған шаралардың нәтижесіне де тоқтала кетсеңіз?

-Шағын сұхбатта атқарылған істердің барлығына тоқталу мүмкін емес әрине. Біздің біржылда атқарған жұмыстарымыздың әр қайсысына тоқталып өтсеңіз 20 баспа табақ кітап болар еді. Дегенмен айтайын. Біз биыл"Кітапхана әлемі - жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені" атты ҚР арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының I Слетін өткіздік. Облыстардағы арнаулы кітапханалардың барлығынан қонақтар жиналып, ҚР Ұлттық кітапханасында ашылу салтанаты мен пленарлық отырысы, ал,негізгі, өзекті шараларөзіміздің кітапханада өтті. Кітапхана мен кітапханашылардың қазіргі таңдағы мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы Слетте менің бір риза болған жерім - жастар білімді де, батыл екендіктерін танытты!

- Хош! Бұл бір игілікті іс екен. Елімізде қазіргі кезде жүргізіліп жатқан ауқымды идеологиялық жұмыстардан зағип жандар хабардар ма?

- Әрине! Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері мәдени мұрамыз жаңғырып,дүние жүзінің бірқатар елдерінің архивтерінде жатқан құжаттар әкелінді. Біздің бай фольклорымызды зерттеп, жинақтап, жариялаудың сәті түсті. Мәселен, "Бабалар сөзінің" 100 томдығы. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. "Архив-2025" жүзеге асырылып жатыр. "Мәдени мұра" - ақтаңдақтарымызды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандандырса, "Рухани жаңғыру" - ұлт тарихын таныстыратын даңғыл жол болды. Ал "Ұлы даланың жеті қыры" - ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат болды. Осының бәрі ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижелері деуге болады. Осының бәрін ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде зағип азаматтар меңгерді. Бұл дегеніміз рухани сананы жаңғыртудағы кітапханашыларымыздың қосқан өзіндік үлесі деуге әбден болады.

- Рухани сананы жаңғырту ұғымын кітапханашылар қалай түсінеді деп ойлайсыз?

- Рухани жаңғыру - ұлтымыздың ұлт болып ұйысуының, тарихымызды сақтаудың, тұлғаларымызды танытудың, өткенімізді білудің, болашаққа бағдардың, келешекке кемел ғибратты із қалдырудың негізі болатын бастама.

Халқымыздың рухын қалпына келтіру мәселесінің бір жағында кітапханашылардың жүргені рас. Себебі, біздің қорда рухани жаңғыруға қатысты әдебиеттер баршылық. Ол әдебиетпен біздің кітапхана қызметкерлері жақсы таныс. Заман талабына сай шаралар өткізіп, зағип азаматтар көштен қалмауы үшін қызмет етудеміз.

Қорыта келгенде айтарым,зағип және нашар көретін аозаматтарға арналған республикалық зағип азаматтарға арналған кітапхана оқырмандары тұрақты. Сондықтан, біз бір-бірімізбен, ағайын-туыс, бауыр болып кеткен жайымыз бар. Біздің кітапхананың басты ерекшелігі осында.

-Әңгімеңізге рахмет!

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны