19.02.2021, 17:56 12149

AsiaCredit Bank салымшыларына төлем жасауға өтініштер қабылдау 24 ақпанда басталады

Агент банк ретінде "Еуразиялық банк" АҚ таңдалды.
Нұр-Сұлтан. 19 ақпан. Kazakhstan Today - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк ретінде "Еуразиялық банк" АҚ-ты таңдады. "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді Қордың қаражаты есебінен осы банк төлейтін болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

"AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдау 2021 жылдың 24 ақпанынан басталып, 2022 жылдың 1 мамырына дейін жүзеге асырылады", - деп хабарлады ҚДКБҚ.

 
COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясының таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларға байланысты және кезекке тұруды азайту мақсатында агент банк қашықтан кепілді өтемнің сомасын тексеру, өтініш беру және төлемді алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сәйкесінше салымшылар www.eubank.kz сайтында осы рәсімдердің барлығын жүргізіп, әрі толыққанды ақпарат ала алады. "Еуразиялық банк" АҚ сонымен қатар "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшыларына сенбі күндері де қызмет көрсететін болады.
 
Салымшы өтем ақшаны агент банктің бөлімшесінде алу опциясын таңдаған жағдайда, ҚДКБҚ Еуразиялық банктің бөлімшелеріне барудан алдын, оның сайты арқылы бөлімшелердің қаншалықты жұмысбасты екендігін біліп алуға кеңес береді. 
 
Кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ клиентінің депозитіндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте ол:
 
• теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
 
• теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
 
• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
 
 "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.
 
Агент банк арқылы кепілдік берілген өтемді алу үшін "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшылары агент банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, немесе www.eubank.kz сайты арқылы төлем алуға өтініш толтыра алады.
 
Кепілді өтемді төлеу жөніндегі өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.
 
Өтемді алу үшін салымшы жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
 
Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы.
 
Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде мына телефон нөмірлері арқылы қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.
 
Депозиттерінде Қор тарапынан сақталуына кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін салымшылар, банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы.
 
Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ [email protected] электрондық поштасы арқылы хабарласа алады. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны