07.08.2015, 17:46 3279

Астана әкімдігі тұрғындарды тұрғын үй сатып алуда мұқият болуға шақырады

Елорда әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарыныӊ тіршілігін қамтамасыз ету мен ыӊғайлы өмір сүру мәселелеріне ерекше көӊіл бөлуде. Сонымен қатар, үнемі бақылауды қажет ететін кейбір сұрақтар бар, солардыӊ бірі - тұрғын үй құрылысы саласы

Астана. 7 Тамыз. Kazakhstan Today - Елорда әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарыныӊ тіршілігін қамтамасыз ету мен ыӊғайлы өмір сүру мәселелеріне ерекше көӊіл бөлуде. Сонымен қатар, үнемі бақылауды қажет ететін кейбір сұрақтар бар, солардыӊ бірі - тұрғын үй құрылысы саласы, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазіргі таӊда қаланыӊ тұрғын үй қоры 18,1 млн. шаршы метрді құрайды. Астананы көшірген кезден бастап тұрғын үй қоры 14,0 млн. шаршы метрге артты. 2005 жылдан бастап қалада жыл сайын 1 млн. шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Алғашқы жарты жылдықта 942 мыӊ шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (былтырғы жылдыӊ осы уақытына қарағанда 1,8 есе өскен). Бүгінде жалпы көлемі 9,0 млн. шаршы метр болатын 341 нысан салынуда, ал, 11,2 млн. шаршы метрлік 482 нысан жобалау үстінде, деп хабарлайды astana.gov.kz тілшісі.

Алайда, заӊды негізі жоқ бола тұра азаматтардан тұрғын үйлер салуға қаржы жинайтын жекелеген құрылыс және басқа да ұйымдардыӊ қызмет істеу фактілері кездеседі. Жылжымайтын мүлікке қаржы салған адамдар нысан құрылысы жүргізілмеген немесе құрылыс қарқыны төмен фактілерге тап болады. Осы орайда бірқатар компаниялар бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Осындай жағдайдыӊ әр бірін қала әкімдігі ерекше бақылауға алып, құрылыс салушылар мен азаматтардан құрылған бастамашыл топтармен күнделікті жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылдыӊ басынан бері 611 құрылыс компаниясыныӊ басшыларынан кепілдік хаттар алынды, сонымен қатар, 48 тұрғын үй құрылыс кооперативтері төрағаларыныӊ қатысуымен жиналыс өтті. Осы тұрғыдан алғанда тұрғындардыӊ кейбірі тұрғын үйдіӊ уақытылы салынбауына байланысты наразылық білдіріп жатады.

Өкінішке орай, бүгінгі таӊда азаматтар бастама жасап, құзіретті органдармен келісілмеген шаралар қолданатын жағдайлар да кездеседі. Қазақстан Республикасыныӊ "Бейбіт жиындар, шерулер, пикеттер өткізу және ұйымдастыру тәртібі туралы" Заӊында аталған шараларды жергілікті атқарушы органдармен келісу тәртібі қарастырылған. Аталған Заӊ талаптарын орындамау сәйкесінше әкімшілік және қылмыстық жауапкешілікке әкеліп соғады. Сонымен бірге жалған ақпарат таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Осыған байланысты, елорда әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын ойланбай қабылданған шешімдер мен Қазақстан Республикасыныӊ заӊнамасына қарсы әрекеттерге бармауды ескертеді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны