19.02.2007, 15:21 2988

Астана әкімі өртке қарсы күрес қызметі департаментінің жұмысын тиімсіз деп санайды

АСТАНА. 19-ақпан. Kazakhstan Today. Астана әкімі Асқар Мамин өртке қарсы күрес қызметі департаментінің жұмысын тиімсіз деп санайды. Бұл туралы ол бүгін Елордасы әкімшілігінде өткен шұғыл кеңес барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Астанада кейінгі екі жылда өрттер саны 33 процентке өсті, бұл жылына 200-ден астам оқиға деген сөз. Бұл сіздердің тиімсіз жұмыс істейтіндіктеріңіздің белгісі",- деді А.Мамин Астана қалалық өртке қарсы күрес қызметі департаментінің бастығы Берік Құтпановқа қаратып айтқан сөзінде. "Статистикаға жүгінсек, біз сіздерден лайықты іс-әрекетті күте алмайтындығымыз байқалады",- деді ол.

Астана әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша департаменттің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. "Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлескен кеңесте Елордасының өртке қарсы күрес департаментінің іс-қызметіне талдау жасау қажет. Есілдің сол жағалауында, Қабанбай батыр даңғылында біз 34 көп қабатты үй, оның көбісі 30 қабаттан жоғары, және 70 қабатты екі ғимарат салмақшымыз. Осындай биік ғимараттарды пайдалануға біз дайынбыз ба?",- деген сауал тастады әкім. Б.Құтпанов таяу уақыттарда Есілдің сол жақ жағалауында жаңа өртке қарсы депо салынатынын, алайда, осының өзі Астана үшін жеткіліксіз екенін тілге тиек етті.

"Қалаға 22 өрт депосы қажет, ал қазір Астанада 8 бар. Сол жақ жағалаудағыны қоса есептегенде тоғыз",- деді департамент директоры. Осыған байланысты А.Мамин департаментке төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп "Елордасының өрт сөндірушілерінің қолындағы техникаға алдын-ала толық талдау жасай отырып, өрт деполарын салу туралы бастама көтеруді" тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны