09.12.2015, 15:21 3829

Астана әкімі жаӊа балалар жұқпалы аурулар ауруханасын ашты

9 желтоқсанда Астана әкімі Иділбек Жақсыбеков жаӊа қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасын ашты. Мекеме жаӊа әрі халықаралық стандарттарға сай қондырғылармен жабдықталған. Аурухана құрылысы "100 мектеп, 100 аурухана" жобасы аясында жүргізілді

Астана. 9 желтоқсан. Kazakhstan Today - 9 желтоқсанда Астана әкімі Иділбек Жақсыбеков жаӊа қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасын ашты. Мекеме жаӊа әрі халықаралық стандарттарға сай қондырғылармен жабдықталған. Аурухана құрылысы "100 мектеп, 100 аурухана" жобасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Ғимарат бір-бірімен галерея арқылы байланысатын 6 корпустан тұрады. Науқастарды қабылдау үшін сегіз қабылдау-қарау мельцер боксы жасалған, олардыӊ әрқайсысына кіретін жеке жол бар. Бас ғимараттыӊ кіре берісінде бейнекездесулер бөлмесі орналасқан. Осылайша, науқастар өз палатасында жатып туыстарымен көрісіп, сөйлесе алады. И. Жақсыбеков аталған жүйені бірінші болып сынақтан өткізді, деп хабарлайды astana.gov.kz тілшісі.

Жаӊа аурухананыӊ бірнеше бөлімін қарағаннан кейін әкім медициналық персонал ұжымымен әӊгімелесіп, денсаулық сақтау қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, оларға еӊбектері үшін алғысын білдірді.

"Бұл қаладағы үздік ауруханалардыӊ бірі, мұнда заманауи технологиялар мен медицинадағы жетістіктер үйлесім тапқан. Мекеменіӊ ашылуымен қалада кереует орындар тапшылығы шешіледі, көлемі кеӊейтіліп, балаларға көрсетілетін медициналық көмектіӊ қолжетімділігі артады. Бұл Мемлекет басшысыныӊ жеке қолдауыныӊ арқасында мүмкін болды", - деді И. Жақсыбеков. Қала басшысы экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтатылмайтынын атап өтті.

Биыл Астанада төрт денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді - қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, амбулаториялық-емхана кешені, БМСК орталығы, онкодиспансерге жапсарлас салынған ғимарат. Жыл соӊына дейін медициналық-санитарлық оӊалту орталығы салынып бітеді. Келесі жылы тағы да төрт заманауи медициналық мекеменіӊ құрылысын аяқтау және жалғастыру жоспарланған. Олар қаланыӊ сұраныс болған аудандарында салынады.

Икімніӊ сөзіне қарағанда, бүгінде Астанада әрбір қала тұрғыны уақытылы және сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр.

Жаӊа қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы туралы ақпарат:

Аурухананыӊ жалпы ауданы 60070,49 шаршы метр, соныӊ ішінде жеке тұрған ғимараттар мен құрылыстардыӊ ауданы - 1606,05 шаршы метр.

Емдеу блогы үш блоктан тұрады, олардыӊ әрқайсысында 48 бокс бар. Жалпы, стационар бойынша 144 бокс - 44 бір орындық және 98 екі орындық. Ауруханада 9 клиникалық бөлім, соныӊ ішінде жансақтау және үш параклиникалық бөлім ашылды. Жаӊа ауруханада жаӊа бөлімдер де ашылады, атап айтқанда, гепатит, зоонозды инфекциялар, нейроинфекциялар, иммунологиялық зертхана.

Жансақтау және қарқынды теапия бөлімдері барлық жастағы балаларға арналған қазіргі заманғы тыныс алу аппараттарымен, салмағы төмен балаларға арналған инкубаторлармен, көліктік кювезбен, экстракорпоралды детоксикация аппаратымен жабдықталған. Барлық палаталар асептикалық, желдеткіші автономды және қысымы теріс таза бөлмелер кешені болып табылады. Бөлім вирустық, ауа-тамшы және ішек инфекциялары блоктарынан тұрады.

Жаӊа қондырғылармен жабдықталған жеке зертхана диагностикалау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаӊа ауруханада тесттер санын екі есеге (бұрын 62 тест жүргізілетін) ұлғайту көзделген. Бұған дейін жылына орта есеппен 59 500 зерттеу жүргізілсе, бүгінде екі есеге артық орындау жоспарланған. Клиникалық-диагностикалау зертханасында жүргізілетін талдаулармен қоса, Қазақстанныӊ бірде-бір балалар жұқпалы ауруханасында жоқ қызметтер көрсетілмек. Жаӊа аурухананыӊ асханасында тамақтануды ұйымдастырудыӊ көптеген процесі автоматтандырылды. Бұдан басқа, аналар мен балалар мұнда барлық диеталық режимді сақтай отырып, тамақтана алады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны