Система Orphus

"Астана" Халықаралық әуежайы" АҚ бас бухгалтеріне қатысты екі қылмыс бойынша тергеу аяқталды

16.04.2020, 16:49 4942

Алматы. 16 сәуір. Kazakhstan Today - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында үстіміздегі жылдың 15 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдай енгізілгені мәлім.

Алайда, төтенше жағдайда құқықтық тәртіпті, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті кейбір шенеуніктер енгізілген жағдайды өздерінің жеке мақсаттарына пайдалануға тырысып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жаңа түрлерін жасауға жүгінуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлықтың осындай фактілерін анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.

Алматы қаласы бойынша Департамент Жетісу ауданы әкімі аппаратының екі бас маманына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Олар төтенше жағдайда және белгіленген карантин режимінде Жетісу ауданында орналасқан тосқауыл бекеттегі кезекшілік кезінде тұрақты түрде Алматы қаласының тұрғындарынан қалаға кедергісіз кіріп-шығу үшін 280 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алғаны (Каспий Голд картасы арқылы) үшін күдікке ілінді. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Тағы бір жағдайда, Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай кезінде 10 жүк көлігінің кедергісіз жүруі үшін 330 мың теңге көлемінде пара алған "ҚР ИИДМ Комитетінің Алматы қаласындағы Көліктік бақылау инспекциясы" РММ басшысы әшкереленді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қоса, тұрғындарды халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етумен байланысты кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактілері де бар.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департамент Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеден органдарының бірқатар лауазымды тұлғаларын әшкереледі. Олар алдын-ала келісу арқылы бақылау-өткізу бекеті арқылы халық тұтынатын тауарларды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет жүйелі түрде пара алған.

Тағы бір іс бойынша, төтенше жағдай кезінде Семей қаласында жүруге көліктерге 5 арнайы рұқсат беру үшін 25 мың теңге көлемінде пара алған "Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі" ММ-нің бас маманы әшкереленді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабының 1-бөлігінің 11-тармағының негізінде төтенше жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылатынын атап өткен жөн.

Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперделерді сатумен байланысты жекелеген фактілер

Алматы қаласы бойынша Департамент "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған мемлекеттік органдардың тиісті рұқсатынсыз, 174 миллион теңге сомасындағы 1,5 миллион дана медициналық бетперделерді сату әрекетін тоқтатты. Қоймаларда қосымша 500 мың медициналық бетперде табылып, тәркіленді.

Кінәлі тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама жасалды. Тәркіленген 2 миллион бетперде жергілікті атқарушы органға берілді.

Шымкент қаласының Департаменті Экономикалық тергеу Департаментімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың тиісті рұқсатын алмай, жалпы сомасы 4 845 000 теңге 26 500 дана медициналық бетперде сатудың 3 әрекетінің алдын алды.

Сотпен кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген 26 500 бетперде жергілікті атқарушы органға табысталды.

Жалпы, төтенше жағдай енгізіліген сәттен бастап 251 сотқа дейінгі тергеу амалдары анықталып, тіркелді.

Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет келесі сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тіркеді:

Алматы облысы бойынша Департамент Алматы облысының "ЖерҒӨО" РМК Мемлекеттік жер кадастры департаментінің директорына және "ЖерҒӨО" РМК-нің Талғар ауданы бөлімінің басшысына қатысты жер теліміне жеке меншік құқығын сәйкестендіру құжаттарын заңсыз әзірлеу және беру күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департамент қызын бас бостандығынан айыру мекемесінен босату үшін жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын тұлғаға пара беру сылтауымен алдау арқылы 7 млн теңге көлемінде қаражатты алып жатқан кезінде ұсталған астаналық тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді.

Осы Департамент "Астана" Халықаралық әуежайы" АҚ бас бухгалтеріне қатысты екі жасалған қылмыс бойынша тергеуді аяқтады:

-қаржы-шаруашылық қызметке тексеріс жүргізбеу үшін Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 млн теңге сомасында пара беру фактісі бойынша;

-жұмысты нақты орындамастан, 30-дан астам компанияның есепшоттарына аудару арқылы әуежайдың 1,7 млрд. теңге сомасындағы қаражатын жымқыру фактісі бойынша.

Осы іс бойынша іс-әрекеті салақтық ретінде танылған "Астана" Халықаралық әуежайы" АҚ бұрынғы Басқарма Төрағасы сотқа берілді.

Сонымен қоса, осы Департамент Нұр-Сұлтан қаласының Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі мен алматылық ЖШС өкіліне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қылмыс және сот төрелігіне қарсы қылмыс жасау күдігі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Тергеуші билікті және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануда, қылмыстық сот өндірісі барысында дәлелдерді бұрмалауда және кәсіпорын өкілінің делдалдығы арқылы кінәсіз тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартуда күдікті болды.

Осыған дейін кінәсіз адамға қатысты үкім күшін жойды.

Күдіктілерге қатысты үй қамағы (тергеуші) және қамауда ұстау жазасы (кәсіпорын өкілі) тағайындалды. Түпкілікті шешімді сот шығарады.

Сонымен қоса, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің істері бойынша 3 айыптау үкімі шықты.

10.04.2020ж. Атырау облысының сотымен патрульдік полиция инспекторына 10 мың теңге пара беру фактісі бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы Э.Юлдашевқа қатысты үкім шығып, Юлдашев 100 мың теңге айыппұлға сотталды.

Дәл осы күні, Костанай аудандық сотымен осыған ұқсас 3 мың теңге сомасында пара беру фактісі бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы И.К.Илхомов 22 500 теңге айыппұлға сотталды.

14.04.2020 ж. Ақмола облысының Зеренді аудандық сотымен 2 жыл бойы (2017-2018жж.) жалпы сомасы 979,5 мың теңгені құрайтын төлемді өзіне негізсіз аударғаны үшін "Зеренді ауданы әкімдігінің шаруашылық басқармасы" ҚММ бас бухгалтері Е.А.Нуянзина мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылумен 2 жыл бас бостандығын шектеуге сотталды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны