14.10.2015, 16:59 4348

Астана қысқа дайын

Бүгін Астана қаласыныӊ әкімі Иділбек Жақсыбеков коммуналдық техниканыӊ қыс маусымына дайындығын тексерді

Астана. 14 Қазан. Kazakhstan Today - Бүгін Астана қаласыныӊ әкімі Иділбек Жақсыбеков коммуналдық техниканыӊ қыс маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мәліметтерге сәйкес, "Сарыарқа", "Алматы", "Есіл" аудандары қазіргі таӊда қысқа толықтай дайын. Жұмысты сапалы ұйымдастыру мақсатында елорданыӊ барлық үш ауданында қаланыӊ қыс маусымына дайындық жұмыстарыныӊ кестесі әзірленіп, бірқатар шаралар даярланды. "Астана - Зеленстрой" мен "Астана Тазалық" коммуналдық қызметтерініӊ диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді.

"Астана Тазалық" тарапынан қала көшелері мен жолдарын қардан тазалау жұмыстарына 253 дана техника жұмылдырылған. Одан бөлек, қыс маусымына өзге мекемелердіӊ техникасы тартылмақ. Ай сайын санитарлық тазалау жұмыстарына қосымша 200 дана техника тартылады. Сонымен қатар, биылғы жылы елорданыӊ үш ауданында орнатылатын "Trekan" қар еріту құрылғыларын енгізу бойынша пилотты жоба жүзеге асырылмақ.

Қыс маусымында қар тазалау жұмыстарын жүзеге асыру үшін "Астана Зеленстрой" 120 дана мамандандырылған техника бөледі. Қазіргі уақытта көлік-трактор паркі қыс маусымына толықтай дайын.

Аталмыш екі коммуналдық кәсіпорыннан өзге аудан әкімдіктері қаланы қардан тазалау жұмыстарына мердігер мекемелерді де, атап айтқанда, "Алматы" ауданы 230, "Есіл" 307, "Сарыарқа" 161 дана техника тартады.

Астана қаласыныӊ әкімі елорданыӊ инфрақұрылымы үзіліссіз жұмыс істеуі үшін коммуналдық техникалар мен қаланыӊ тиісті қызметтерініӊ қыс маусымына дайындығын көрді.

Сондай-ақ, қала басшысы "Asia Park" ОСО жанында орналасқан жаӊа жылытылатын аялдаманы көріп шықты. Қазіргі уақытта пилотты нысанды орналастыру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.

Жолаушылардыӊ ыӊғайлылығы үшін жаӊа жабық типтегі аялдама кешендері ақпараттандыру, жылыту және вентиляция жүйелерімен қамтамасыз етілген. Нысанды жылыту үшін қыс маусымында бақылау құрылғылары бар инфрақызыл жылытқыштар пайдаланылады. Жолаушылардыӊ қауіпсіздігі үшін, сонымен қатар, кешенді тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне қосылған бейне бақылау жүйесі де орнатылады.

Қаланыӊ жолаушылар көп шоғырланған 80-нен астам аймағы анықталды. 2015 жылдыӊ соӊына дейін солардыӊ 30-ға жуығы жаӊа кешендермен қамтылады деп күтілуде.

Жабық типтегі аялдама кешені орта есеппен кем дегенде 20-30 адамды сыйдыра алады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны