07.12.2012, 13:40 3452

Астана мен Алматыда тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруға шектеу қойылуы мүмкін

Себебі осы екі шаһарға көшіп келушілер алдымен баспана алуға кезекке тұрады.

Астана. 7-желтоқсан. Kazakhstan Today - Астана мен Алматыда тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруға шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Себебі осы екі шаһарға көшіп келушілер алдымен баспана алуға кезекке тұрады. Басқаларын жарылқай алмай жатқанда, оларды қамқорлыққа алу негізсіз екен. Осындай тосын ұсыныс бүгін халықты тұрғын үймен қамту мәсеселерін талқылаған Мәжілістегі тыңдауда айтылды. Жиында жарнамасы жер жарған "Қолжетімді баспана" бағдарламасының шикі тұстары тағы да сынға ілікті.

Парламенттік тыңдаулар бұған дейін шағын кабинеттерде өтіп келген-ді. Бұл жолы Дариға Назарбаева жетекшілік ететін әлеуметтік және мәдени даму комитетіне ерекше құрмет көрсетілгендей. Идетте, Елбасының қатысуымен қос палатаның біріккен отырысы өтетін кең залда бүгін талайды титықтатқан баспана мәселесі қаралды. Оған министрлер кабинетінің мүшелері мен осындай тыңдауларда төбе көрсете бермейтін әкім қаралар да Есілдің сол жағалауына алып ұшып жетіпті. Депутаттар ә дегеннен пәтер бөлуде "бармақ басты, көз қыстыға" жиі жол берілетінін ашып айтты.

Икімдердің шектен тыс "жомарттығы" жылдар бойы кезекте тұрғандардың ашуын туғызуда. Ал былтыр елімізде шенеуніктердің жайбасарлығынан осындай 147 мың азаматтың тек бес мыңы пәтерге қол жеткізген. Бұл бар болғаны үш-ақ пайыз. Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда баспанаға мұқтаж 200 мың шаңырақ тіркеуде тұр екен. Мұндай мәліметке халық қалаулылары сенімсіздік танытып отыр. Ийтсе де атқамінерлердің сөзі оптимизмге толы.

Ақшасы жоқтарға шенділер пәтерді жалға алуды ұсынып отыр. Бірақ табысы 100 мың теңгеге жетпейтін отбасылар одан күдерін үзе берсе де болады. Қазіргі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын жайлы бұрышқа мұқтаж. Ал біраз сынға іліккен "Қолжетімді баспана" бағдарламасы халықтың қалтасы көтере алатындай болмаса алдағы 50 жылда тұрғын үй түйткілін шешу қиынға соғатын түрі бар.

Ал бүгін депутат Рауан Шаекин тіпті айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол баспана зарын тартқандардың үштен бір бөлігі Астана мен Алматыда тұрады. Сондықтан осы екі шаһарға басқа аймақтардан көшіп келгендерді тіркеуге алуды доғаруды ұсынды. Алдымен кезекке тұрғандарды жарылқап алайық деді. Ал төменгі палатадан сын естіген Үкімет айтылған олқылықтарды түзеуге уәде беріп тарқасты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны