16.07.2012, 17:35 2761

Астанада "Ақылды қала" технологиялары бойынша 5 инновациялық жоба іске асырылуда

Осы жобалардың бірі қоғамдық орындарда сымсыз WiFi технологиясының көмегімен Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін қалалық желі құруға бағытталған "OpenWiFi" жобасы. "OpenWiFi" ұлттық желісі Астана тұрғындары көп жиналатын қоғамдық орындарды қамтитын болады.

Астана. 16-шілде. Kazakhstan Today - Астанада "Smart Astana" технологиясының аясында 5 инновациялық жоба іске асырылуда. Олар - денсаулық сақтау, білім беру және жоғары технологиялық өндірістерді ұйымдастыру салаларының жобалары, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Осы жобалардың бірі қоғамдық орындарда сымсыз WiFi технологиясының көмегімен Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін қалалық желі құруға бағытталған "OpenWiFi" жобасы. "OpenWiFi" ұлттық желісі Астана тұрғындары көп жиналатын қоғамдық орындарды қамтитын болады.

"Ақылды қала" тұжырымдамасының аясындағы кезекті жоба - "Е-жедел жәрдем" жобасы. Бұл жобаның аясында жедел жәрдем көліктерін IP-телефония, GPS-навигация және медициналық талдау анықтамалығы бар планшеттермен жарақтау қарастырылған.

Тағы бір жоба мектептердегі қауіпсіздік жүйесін жақсартуға негізделіп отыр. "Болашақтың мектебі-бүгін" жобасының аясында елорда мектептерінде "оқушының электрондық куәлігі" атты кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілмек. Оқушылар электрондық куәліктер беріледі, ал ата-аналар сол куәліктердің көмегімен балаларының қай жерде жүргенін қадағалай алады. Оған қоса, мектептер қауіпті сайттарды фильтрациялайтын интернетпен жабдықталады және оқушыларға арналған әлеуметтік сайт енгізіледі. Қазіргі таңда бұл жоба ілкі режимде № 54 мектепте сынақтан өткізілді, алдағы уақытта тағы 10 мектепте қолға алынбақ.

"Smart Astana" технологиясының негізінде сондай-ақ жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталған "3D технология құзыретіндегі орталық" іске қосылып отыр. "3D технология құзыретіндегі орталықта" инженерлік желілерді ғана емес, сәулет құрылыстары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды 3D-форматта жобалауға мүмкіндік беретін зертхана жұмыс істейді.

Ал бесінші жоба - Астанада жоғары технологиялық машина жасау орталығы мен станок жасау саласын дамытудың базасын құруға негізделіп отыр. Инженерлік-техникалық персонал жоғары технологиялық станок жабдықтарында жұмыс істеуге үйренетін болады. Қазіргі таңда "Қазақстан-чех технологиялық орталығы" бірлескен кәсіпорнын құру мәселесі бойынша "Астана Innovations" АҚ, "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" АҚ және Чехияның Станок жасаушылар қауымдастығының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Жоғарыда аталған инновациялық жобалармен "Астана Innovations" компаниясы айналысуда. "Smart Astana" жобасына еуропалық "ақылды" қалалардың даму моделі негіз ретінде алынып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны