16.06.2009, 15:10 2491

Астанада бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министріне қатысты іс сотта қаралуда (кеңейтілген нұсқа)

Астанада бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министріне қатысты іс сотта қаралуда (кеңейтілген нұсқа)

Астана. 16 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Астана қаласының сотында бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовқа және мекеменің екі вице-министрі - Илжан Бралиев пен Зейнолла Сәрсенбаевқа қатысты іс қарала бастады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Қылмыстық іс Астана қаласының Есіл аудандық сотында қаралуда. Істі судья Ерлан Тасыров сараптауда. Сот мәжілісі ашық жағдайда өткізілді.

Сот мәжілісінің барысында прокурордың көмекшісі Еркеғали Закировтың хабарлағанындай, "тергеу барысында Нұрлан Ысқақовтың жеке басының пайдасына орай, қызметтік мүддесіне қарама-қайшылықта, пайда табу үшін 2006 - 2008 жылдар аралығында бір топ адаммен алдын-ала ымыраласа отырып, заңсыз ауыр қылмысты жоспарлай жүзеге асырғаны дәлелденді".

"Нұрлан Ысқақов, И. Бралиев, З. Сарсенбаев, Т. Савицкая, А. Жайылғанов, В. Лайс және басқа да анықталмаған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінен Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арқылы мемлекетке 1 млрд 172 млн 665 мың теңге мөлшерінде аса ірі көлемде залал келтірілген", - деді Е. Закиров.

Айыптау материалдары бойынша Нұрлан Ысқақов, И. Бралиев, З. Сәрсенбаев, Т. Савицкая, А. Жайылғанов, В. Лайсқа қызметтік өкілеттіліктерін пайдаланып бюджет қаржысын жымқыруға түрлі жолдармен қатысты және мемлекеттік сатып алулар кезінде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы мемлекетке 1 млрд 172 млн теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылды.

Судьяның өздерін күдіктілер кінәлі деп санай ма деген сауалына бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов: "мен өз айыбымды үзілді-кесілді мойындамаймын. Қоршаған ортаны қорғау министрі болып тұрған кездегі барлық іс-әрекеттерімді заңның аясында жүзеге асырдым",- деп мәлімдеді.

И. Бралиев, З. Сәрсембаев пен А. Жайылғанов та аталған қылмыстық іс бойынша өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын мәлімдеді.

Келесі сот мәжілісі 2009 жылдың 18 маусымы, бейсенбіге белгіленді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қоршаған ортаны қорғау вице-министрлері Илжан Бралиев пен Зейнолла Сәрсенбаевқа бюджет қаражатын ұрлағаны және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін айып тағылды. Бұл туралы ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің баспасөз хатшысы Дәмежан Есенбекова мәлімдеді.

"Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және 522 млн. 800 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері бойынша Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің лауазымды тұлғаларына және "Меркурий Плюс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысына қатысты қылмыстық істі тергеу ерекше назарға алынып отыр",- делінген мекеме таратқан хабарламада.

Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі А. Бралиевке қатысты сот оны қамау туралы санкция шығарды. Осы жылдың 6 наурызында оған бюджет қаражаттарын ұрлағаны және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін айып тағылды.

Ағымдағы жылдың 4 наурызында қоршаған ортаны қорғау вице-министрі З. Сәрсенбаевқа бюджет қаражаттарын ұрлағаны үшін айып тағылды.

Осы ведомство департаментінің директоры Т. Савицкаяға және "Меркурий Плюс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы В. Лайсқа жоғарыда көрсетілген сомадағы бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісі бойынша сырттай айып тағылды, делінген хабарламада.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов, вице-министрлер Зейнолла Сәрсенбаев пен Альжан Бралиевке және "Меркурий плюс" ЖШС өкілі Жайылғановқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай 3 маусымда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"Бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері бойынша Қоршаған ортаны қорғаудың бұрынғы министрі Ысқақовқа, қоршаған ортаны қорғаудың екі вице-министрі Бралиев пен Сәрсенбаевқа және "Меркурий плюс" ЖШС өкілі Жайылғановқа қатысты қылмыстық іс прокуратура органдарымен тексеріліп, материалдары Астана қаласының Есіл аудандық сотына мәні бойынша қарау үшін жіберілді",- деді М.Жұманбай.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министріне мемлекеттік сатып алулар кезінде қаржы жымқырды және лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов пен "Меркурий плюс" ЖШС өкілі А. Жайылғановқа 1 сәуірде қызметтік өкілеттілігін пайдаланып 1 млрд 172 млн теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырды және мемлекеттік сатып алулар кезінде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. "Сол күні алдын-ала тергеу барысында табылған дәлелдердің негізінде Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты Ысқақов пен Жайылғановты тұтқындауға санкция берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны