14.08.2009, 12:38 4259

Астанада "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры" ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті

Астанада "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры" ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті

Астана. 14 тамыз. Kazakhstan Today - ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде бүгін мемлекеттік лицензияларды электронды түрде алуға мүмкіндік беретін "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры" ақпараттық жүйесінің таныстырылымы болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры ҚР "Электронды үкімет" дамыту бағдарламасының аясындағы жобалардың бірі және оның басты мақсаты лицензияларды шығару үрдісін автоматтандыру, жеңілдету және жетілдіру болып табылады.

2008 жылдың сәуірінен бастап тәжірибелік қолданысқа енгізілген жаңа электронды жүйенің басты артықшылығы - лицензия алушыға мемлекеттік органдарға барудың қажеті болмайды және жемқорлықтың себепшісі болып табылатын адами фактордың қатысуын азайтады.

Лицензия алушы www.elicense.kz сайтына кіріп, өзіне қажетті мемлекеттік органға өтінішті электронды түрде жолдай алады. Құжаттарды қарау мерзімі әзірше 30 күнді құрап отыр, бұл мерзім алдағы уақыттары бірте-бірте азая түспек.

Бүгінде электронды лицензияларды беруді үш орган - ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитеті, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Энергияны қадағалау жөніндегі комитеті және Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жүзеге асырып отыр. 2009 жылы - 6, 2010 жылы - 7 және 2012 жылдың соңына қарай барлық облыстардағы мемлекеттік органдар лицензияларды электронды түрде беретін болады деп жоспарлануда.

Электронды лицензия алғандар туралы барлық мәліметтер мемлекеттік деректер қорында сақталады. Бұл біріншіден, лицензия алушылар туралы қандай да бір мәліметті қысқа мерзімде алғысы келген мемлекеттік органдардың өзіне, сондай-ақ құқықтық және тексеру органдарына да ыңғайлы.

Қазақстан халықаралық интеграция үрдістеріне қатысу үшін басқа мемлекеттермен құжаттарды электронды түрде алмасуы қажет. 2010 жылғы 1-қаңтардан бастап Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы мемлекеттері Кеден одағына кіретіні белгілі. Одақ шеңберінде әртүрлі лицензиялар жөніндегі мәліметтер тек қана электронды түрде тапсырылуы қажет.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны