07.02.2008, 17:44 3235

Астанада Халықаралық қалалар қауымдастығының қала құрылысы проблемаларына арналған форум өтеді

Астанада Халықаралық қалалар қауымдастығының қала құрылысы проблемаларына арналған форум өтеді

Астана. 7-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - 5-шілде күні Астана қаласында қала күні мерекесінің аясында "Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығының қала құрылысы проблемаларына арналған мерейтойлық сессиясы" өтеді. Бұл туралы сәрсенбі күні Халықаралық қалалар қауымдастығының бас директоры Михаил Соколовпен болған кездесуден кейінгі брифинг барысында Астана қаласының әкімінің орынбасары Болат Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Елорданың он жылдығы шеңберінде Халықаралық қалалар қауымдастығының сессиясы өтеді. Бұл өте маңызды шара болмақ. Оған қатысу үшін 10 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде", - деді Б. Смағұлов. Оның айтуынша, Халықаралық қалалар қауымдастығының сессиясының аясында ірі қалалардың сәулетшілерінің съезін, сондай-ақ, инвесторлар форумын өткізу жоспарланып отыр. Икім орынбасары тиісті шаралардың жоспары қазірдің өзінде дайын екенін жеткізді. Б. Смағұлов сонымен қатар, Халықаралық қалалар қауымдастығының Астанада өкілдігін ашу туралы шешімді жария етті. "Халықаралық қалалар қауымдастығының Мәскеуде өткен соңғы сессиясында бұл ұсыныс қолдау тапқан болатын. Бүгінгі таңда біз өкілдік ашу туралы құжат жобасын дайындап қойдық. Шілде айында кезекті жиналыс болған кезде біз оны салтанатты түрде ашамыз деген ойдамын", - деді ол.

"Астана қарқынды даму үстінде. Қаланың өз келбеті бар. Астанада өкілдіктің ашылуы біз үшін үлкен құрмет және аса пайдалы", - деп атап көрсетті өз кезегінде М. Соколов. Қазіргі уақытта Халықаралық қалалар қауымдастығының құрамына Қазақстанның бес қаласы - Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Қостанай қалалары кіреді. "Халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясы" қауымдастығы - 1998 жылы қалалардың тұрақты дамуы үшін бірлескен іс-әрекеттер жасау мақсатында құрылған халықаралық коммерциялық емес ерікті ұйым. Халықаралық қалалар қауымдастығының құрамына ТМД-ның 50-ден астам қаласы кіреді. Халықаралық қалалар қауымдастығы қалалар арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін шешеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны