31.07.2006, 16:39 7176

Астанада іш ауруы көбейді

АСТАНА. 31-шілде. Kazakhstan Today. 2006-жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Астанада іш ауруы көбейді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық СЭС департаменті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда қантышқақпен ауыру деңгейі 1,8 есе, сальмонеллезбен ауыру деңгейі 16 процентке артты",- деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, "осы жылдың алғашқы жартысында Астанада асқынған іш ауруына шалдығу көрінісі 517 мәрте тіркелсе, оның екеуі кісі өлімімен аяқталған. Ал 2005-жылдың 6 айында осындай 487 оқиға тіркелген болатын".

Маманың айтуынша, "әсіресе 14 жасқа дейінгі жеткіншектер бұл дертке көбірек шалдығуда. Олардың үлесіне асқынған іш ауруының 82 проценті тиеді". Дәрігер ондай жағдайға тұрғындардың санитарлық-гигиеналық сауатының төмендігі себеп деген пікірде. "Аналардың 25 проценті баланың бағым-күтімі жөнінен бейхабар болса, ауырған балалардың 17 проценті лас жағдайда күн кешеді",- деді ол.

Сонымен бірге Ж.Бекшиннің хабарлауынша, рейд нәтижесі бойынша тазалық талаптарын сақтамаған жеміс және көкөніс сататын 25 сауда жаймасы, 17 бөлшек сауда орны жабылып, 12 млн. теңгенің айыппұлы салынды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны