20.10.2009, 13:54 10427

Астанада "Қазақ елі" сәулет-мүсін кешені мемлекет басшысын бейнелейтін жаңа мүсіндік барельефпен қоса ашылды

Еліміздің басты ескерткіші - "Қазақ елі" ұрпақтар байланысын және уақыт үндестігін білдіреді. Бұл - ата-бабамыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біз үшін оның маңызы зор", деді Қ. Тоқаев.

Астана. 20 қазан. Kazakhstan Today - Астанада "Қазақ елі" сәулет-мүсін кешені мемлекет басшысын бейнелейтін жаңа мүсіндік барельефпен қоса ашылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгін "Қазақ елі" сәулет мүсін кешенінің ашылу рәсімінде парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, "Қазақ елі" монументі - жас ұрпақты отансүйгіштікке бастайтын киелі орын.

"Қазақ елі" монументі - еліміздің сан ғасырлық тарихына, ұлтымыздың ұлы перзенттеріне, олардың асыл мұратына, ата-жұртымызға арналған мәңгілік ескерткіш. Шын мәнінде, бүгінде Астана қаласында мағынасы терең осынау ескерткіштің ашылуы тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Еліміздің басты ескерткіші - "Қазақ елі" ұрпақтар байланысын және уақыт үндестігін білдіреді. Бұл - ата-бабамыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біз үшін оның маңызы зор", деді Қ. Тоқаев

"Қазақ елі" монументі біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың көрінісі",- деді "Қазақ елі" монументінің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

"Халықты жасайтын тарих, тарихты жасайтын жеке тұлғалар. Қазақстан президенті Н. Назарбаев сондай тұлғалардың бірі де, бірегейі. Соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде елдің ел болғаны, ес жиып етек жауып, еңселі мемлекеттер қатарына қосылғаны шежіре үшін көзды ашып-жұмғанша қысқа мерзімде Қазақстанның бұрын-соңды болмаған экономикалық және рухани биікке көтерілгені сол кісінің саяси жетістігі деп білемін", деді И. Тасмағамбетов өз сөзінде.

Сонымен бірге, елорда әкімі бүгінгі егеменділіктің баянды кезеңі ұлтымыздың рухани шыңдалып жатқан уақыты - Елбасының ұзақ жылғы жемісі әрі тарих алдындағы жеңісі екендігін атап өтті. Оның айтуынша, ұлтқа ұстаз болып отырған Елбасының асқақ рухы мен еркі, қайраты мен ақылы, парасаты мен пайымы, көрегендік пен көсемшілдігі, мемлекетшіл қайраткерлігі қашанда өрелі өнеге, үлкен үлгі болып табылады.

"Сондықтан Астана қаласының мәслихаты бастамашылығымен ашылған осынау райы ерекше рәміз біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, ұлттық сана-сезіміміз бен тарихи таңдауымыздың, ел мен оны жетектеген Елбасымызға деген қадірлі құрметіміздің, халық үшін керекті, тарих үшін деректі айғағымыздың дәл көрінісі деп қабыл алайық", деді И. Тасмағамбетов.

Бұл кешен - егемендік пен тәуелсіздіктің, еркіндік пен теңдіктің туын көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі.

Қазақтың киіз шежіресі - көне түркінің тасқа басқан таңбасындай мәңгілікке қалыптасатын мол мұра.

"Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бас алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны - оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің асқақ рухының арқасы. Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды бастан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ ұлы даланы үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғалы бері мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де бостандық, еркіндік, азаттық ұғымдарымен ұлықталып келеді. Оған ұлы уақыттың өзі куә. Еркіндік және теңдік, егемендік және тәуелсіздік қай халық үшін де қадірлі ұғым. Бұл қазақ үшін тіпті де қасиетті ұғым. Мұны түсініп қана қоймай, сүйсіну үшін үлкен ұғым керек. Елім деп соққан зор жүрек керек, жерім деп соққан жалынды сезім керек. Адам болып өмірге келу де, азамат болып қалыптасу да, тізгін ұстап ел басқару да, сол елдің тұғырлы тұтқасына айналу да алдымен тәңірдің, сосын халықтың арқасы. Тағдыр Қазақстанға бұрын-соңғы болмаған тамаша мүмкіндіктерді сыйға тартты. Сол еркіндік пен теңдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қазақтың киіз шежіресіне көне түріктің тасқа басқан таңбасындай мәңгі қалатын мол мұра", деді И. Тасмағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, салтанатты шараға ҚР президенті әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов және парламент депутаттары, ел үкіметінің, қала мәслихатының, Қазақстан Халқы ассамблеясының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері мен мыңдаған қазақстандықтар және елорда қонақтары қатысуда.

Естеріңізіге сала кетейік, "Қазақ елі" монументін ҚР Президенті Н.Назарбаев қазақ елінің елордасы - Астананың 10 жылдық торқалы тойына орай 2008 жылғы шілденің 6-сында салтанатты түрде ашқан болатын. Ел Тәуелсіздігін бейнелейтін ескерткіш-стелланы идеологиялық-көркемдік тұрғыда одан әрі байытып, кеңейту тұрғысында мамандар тарапынан ұсыныс-пікірлер түскен соң, оны жаңа композияциялармен толықтыру турасында шешім қабылданды.

Жаңа кейіпте ұсынылғалы отырған кешеннің жоғарғы жағында самұрық құсы, ал іргесінде бір-бірін өзара толықтыратын төрт жеке мүсіндік барельеф бейнеленген. Олар - "Президент және Қазақстан халқы", "Қаһармандық", "Жасампаздық" және "Болашақ". Олардың ортақ тақырыбы - үзілмей келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы мен өшпейтін өміршеңдік пен мұратшылдық.

Монументтің биіктігі - 91 метр. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланған 1991-ші жылдың ел тарихындағы маңыздылығын нақтылай түседі. Монументтің ұшар басында самұрық құс бейнеленген. Ол еркіндік пен күш қуаттың символы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны