13.03.2007, 17:28 3617

Астанада омбудсменның жаңа веб-сайтының тұсаукесері өтті

АСТАНА. 13-наурыз. Kazakhstan Today. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жаңа веб-сайтының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен әзірленген мекеменің жаңа сайты батыстағы омбудсмен мекемелерінде қалыптасқандай, азаматтардан электрондық түрде шағым алу жүйесінен тұрады",- деді Қазақстан Республикасының адам құқығы жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов. Ол азаматтарға адам құқығы жөніндегі уәкілге электрондық түрде жүгіну мүмкіндігін беру "елімізде жүзеге асырылып жатқан "электрондық үкімет" құру арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру процессімен" тікелей сабақтас деп атап өтті.

Сонымен қатар, Б. Байқадамовтың айтуынша, www.ombudsman.kz атауымен пайда болған үш тілдегі жаңа сайтта (қазақша, орысша және ағылшынша) Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының іс-қызметі туралы, оның адам құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелерге деген ұстанымдары жайлы ақпарат бар. "Сайт тек арызданушының қажетті ақпараттар алуы үшін ғана емес, еліміздегі ағымдағы құқық қорғау ахуалын талдау барысында да пайдаланылады",- деді қазақстандық адам құқығы жөніндегі уәкіл.

Сонымен қатар, уәкіл институты омбудсменге жүгіну мүмкіндігі мен мекеме туралы ақпараттардан тұратын ақпараттық плакат ұсынып отыр. "Біз мемлекеттік органдарда орын алатын бұл плакаттарда жазбаша және телефонмен ауызша ақыл-кеңес алу мүмкіндігі туралы ақпаратты жарияладық",- деді Б. Байқадамов.

Плакаттар мемлекеттік органдардан басқа да байланыс бөлімдері, вокзалдар сияқты бұқаралық орындарда да орналасады.

"Оларды орналастыруға мемлекеттік органдар бізге көмек көрсетеді деген үміттеміз",- деп атап көрсетті омбудсмен. Оның сөздеріне сүйенсек, адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты осы жерлерде алдағы уақытта балалар құқығын, босқындардың, полиция бөлімшелеріне қамалған және т.б. тұлғалардың құқығын қорғауға арналған тақырыптық плакаттар таратуды жоспарлап отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны