27.06.2006, 15:17 3198

Астанада орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік VIII конгресі аяқталды

АСТАНА. 27-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін Астанада орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік VIII конгресі аяқталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Тәуелсіз мемлекеттерде жарық көретін орыс тілді басылымдар осы елдерде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға көмек көрсетуде. Сол себепті де біз баспасөзді саяси құбылыстарды алға бастыруға жанын сала жәрдемдесуге шақырамыз”,- деді орыс баспасөзінің бүкіләлемдік қауымдастығының президенті Виталий Игнатенко.

“Орыс тілі Еуразиялық құндылықтарды сақтап синтездеуші әмбебап код болып табылады. Ал біздің конгресті Еуразияшылардың толық құқылы уәкілдері өкілдерінің сьезі деп санауға болады”,- деді орыс баспасөзінің бүкіләлемдік қауымдастығының вице-президенті Дариға Назарбаева.

Д.Назарбаеваның айтуынша, осынау форумның Қазақстанда өткізілуінің өзіндік мәні бар. “Өйткені, дәл қазіргі мәнінде Еуразиялық идея Қазақстанда қайта жаңғырды”.
“Шетелдердегі орыс тілді БАҚ-тар тек орыс тілінінің ғана емес, сонымен бірге санаткерлік ресурстардың да сақталып қалу түрі болып табылады”.

Аталмыш жиынға әлемнің 45 мемлекетінен 180-ге жуық өкіл қатысты. Олардың арасында Қазақстан мен Ресейдің жалпыұлттық және аймақтық жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары бар.

Үш күнге созылған жиынға қатысушылар жаһандану барысындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды салалары ретінде орыс тілді ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы мәселелерін талқылады. Сондай-ақ конгресте еліміздің шет елдік ақпарат құралдарын дамытуға үлес қосу бағытындағы жаңа стратегиялық мақсаттары сөз болды. Сонымен қатар, конгресс аясында орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік қауымдастығының 8 жылдық қызметіндегі жұмыстары қорытындыланып, оны дамыту мақсатындағы болашақта атқарылуы тиіс шаралар талқыланды.

Орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік қауымдастығы 1999 жылы Мәскеу мен Сочиде өткен I-ші орыс баспасөзінің Бүкіләлемдік конгресінде Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары институтының және конгресске қатысушы басқа да бірқатар шет елдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бастамасымен құрылған.
Бүгінде ол 80-ге жуық елдердің ақпарат агенттіктері мен баспаларының және ақпарат құралдарының басын біріктірген тәуелсіз ашық, халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны