03.12.2007, 09:37 1902

Астанада ұзындығы 59 км теміржол эстакадасын салады

Астанада ұзындығы 59 км теміржол эстакадасын салады

Астана. 3-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Елорда әкімшілігі Астана қаласында эстакада түріндегі кешенді көлік жүйесін салуды ұсынып отыр. Бұл туралы Астана қаласының жаңа орталығы құрылысының барысын бақылау бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерік Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлады "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Осыған байланысты біз жолаушыларды жаппай тасымалдау міндетін атқаратын эстакада түріндегі жаңа көлік жүйесін жасау нұсқасын қарастыруды ұсынамыз. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру кестесін концессия және мемлекет пен жеке сектор серіктестігі қағидалары негізінде іске асыруды қамтамасыз етеді", - деді әкім орынбасары.

Ерік Сұлтанов хабарлағандай, Елорда әкімшілігі Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі" жобасын дайындау және қаржыландыру хаттамасына қол қойған. Оның аясында жобаның техникалық, экономикалық негіздемесі жасалған. Ал оның негізінде ұзындығы 10 шақырымдай болатын адамдар тығыз орналасқан жерлерді қаланың орталық аудандарымен, ірі сауда және спорт кешендерімен байланыстыратын жылдам жеңіл рельсті көлік жүйесі жатыр.

Алайда, Е. Сұлтановтың айтуынша, техникалық, экономикалық негіздемеде ұсынылған жүйенің жер үстіне салынуы қазіргі жол-көлік жағдайын ескер отырып, аталмыш нұсқаны түбірімен қайта қарауды қажет етеді. Бұл жол қозғалысының екі қатарын бөлу қажеттілігімен байланысты. Ол қазіргі автокөлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын қосымша азайтады (40 пайызға), жолаушыларды көлікке отырғызу кезінде, сондай-ақ, бір деңгейде орналасқан жол қиылыстарын кесіп өткен кездерде даулы жағдайлар тууы мүмкін.

Сондықтан, концессиялық негізде жалпы ұзындығы 58,8 шақырымды құрайтын, 4 кезеңнен тұратын (2008-2015 жылдар аралығында) эстакадалық нұсқадағы кешенді көлік жүйесін салу ұсынылып отыр.

Е. Сұлтановтың айтуынша, осыған ұқсас жобаларды салуда тәжірибесі бар стратегиялық инвесторды тарту тәуекелді, бюджетке түсер салмақты азайтып, "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі" жобасын белгіленген мерзімінде аяқтауға мүмкіндік береді.

Эстакадалық нұсқадағы жобаның бірінші кезеңі - шеңбер жолы - 2011 жылдың аяғына қарай іске асуы мүмкін.

Барлық негізгі құралдарды тартумен концессионер-компания айналысатын болады. Ол қала әкімшілігінің тасымалдау және сапа көрсеткіштері бойынша талаптарын орындай отырып 30 жыл бойы жүйені пайдалануға береді және оған қызмет көрсетеді. Содан кейін жүйені қала әкімшілігіне табыстайды.

Қазақстан Республикасының "Концессия туралы" заңының 16 бабына сәйкес, қала әкімшілігі Қазақстан Рспубликасының Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне жобаны концессияға берілуге ұсынылған объектілер қатарына жатқызуға өтініш берген.

Е. Сұлтановтың айтуынша, егер комиссия Астана әкімшілігінің ұсынысын қолдайтын болса, концессиялық бәйгені 2008 жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізіп, ал жүйені пайдалануды 2011 жылы бастау жоспарланып отыр.

2008 жылы осы мақсатта бюджеттік қаражат көзі есебінен жобаны мемлекет пен жеке сектор серіктестігі мен концессия түрінде жүзеге асыру үшін оның техникалық, экономикалық негіздемесін және бәйге құжаттарын жасау жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны