07.06.2011, 11:59 3055

Астанада VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастады

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, бүгін, 7 маусымда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастаған.

Астана. 7 - маусым. Kazakhstan Today - Астанада VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, бүгін, 7 маусымда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастаған.

Форумның бүгінгі жұмысы аясында іскер әйелдер және жас көшбасшылар форумы ашылды. Оған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының төрағасы Тун Муса Хитам қатысып, сөз сөйледі. "Жастар біздің ізбазарымыз, біздің ісімізді жалғастыратын ұрпақ, ал әйелдер қоғамдағы тұрақтылық пен үндестікке негіз бола отырып, халқымыздың мәдениеті мен салтының бет-бейнесі болып табылады. Сондықтан олардың көш басында болып, кейінгі ұрпаққа тағылымды тәрбие беруі аса маңызды. Біз болсақ, Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының атынан жастар мен әйелдерге жаһандық үдерістерге етене араласып, өз пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беріп отырмыз", - деп атап көрсетті өз сөзінде Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының қор төрағасы Тун Муса Хитам.

ТМД және Орталық Азия аумағында алғаш рет өтіп отырған Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының биылғы алқалы жиыны "Ғаламдық экономикалық даму: қарым-қатынас, бәсекелестік, ынтымақтастық" тақырыбына арналып отыр. Форум аясында ислам банкингі, қаржылық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, балама энергия көздерін, "халал" индустриясын дамыту және тағы басқа өзекті мәселелерді арнайы сессияларда талқылау жоспарланып отыр. Ол үшін Астанаға шетел мемлекеттерінен шамамен 2 мыңға жуық бизнес өкілдері, әлемдік деңгейдегі экономистер мен қаржыгерлер келеді. Сарапшылардың айтуынша, 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы Қазақстан үшін отандық экономиканың әлеуеті мен республиканың инвестициялық ахуалын көрсетудің, жаңа байланыстар орнату мен елге қосымша шетел инвестициясын тартудың бірегей мүмкіндігін туғызып отыр. Қазақстан Таяу Шығыс, Африка және Азияның оңтүстік шығыс елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыта алады.

Форумда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Үкіметі арасында конвенция, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында өзара түсіністік меморандумы және басқа да бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны