13.08.2026, 12:14 18286

Астанада Жастар күніне арналған Jastar Day фестивалі өтті  

Астанада Жастар күніне арналған Jastar Day фестивалі өтті
Астанада Халықаралық жастар күніне арналған JASTAR DAY фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 3 мыңға жуық жас қатысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Фестиваль қонақтары қатарында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері болды.


Аида Балаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық жастар күніне орай жолдаған үндеуін оқып берді.


Президент бүгінде ел өмірінің барлық саласында түбегейлі реформалар жүргізіліп жатқанын, ал жастарды қолдау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

"Жастарды қолдау саясаты әрдайым мемлекетіміздің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Бүгінде республиканың барлық өңірінде жаңа мектептер, спорт нысандары мен даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар іске асырылып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты - соның жарқын дәлелі", - делінген үндеуде.



Фестиваль аясында "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын табыстау рәсімі өтті. Биыл ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, медиа, бизнес және қоғамдық қызмет салаларындағы 30 жобаның авторы қолдауға ие болды. Әр жеңімпаз өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңгелік сертификат алды.

"Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты дарынды жастарды қолдау мақсатында Президенттің бастамасымен 2021 жылы тағайындалған. Бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде 153 жас қазақстандық грант иегері атанды.



JASTAR DAY аясында көшбасшылық, медиа, технологиялар, өнер және әлеуметтік жобалар салаларындағы спикерлер де сөз сөйледі.

Фестиваль бағдарламасы қазақстандық орындаушылар Ersultan Omar, DANIAL, Еркебұлан & Бауыржан және басқа да әртістердің қатысуымен өткен концертпен аяқталды.

Халықаралық жастар күні жыл сайын 12 тамызда атап өтіледі. Бұл күн 1998 жылы Лиссабонда өткен Жастар істері жөніндегі министрлердің дүниежүзілік конференциясының тиісті ұсынымынан кейін 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан жарияланды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны