22.08.2006, 18:24 2851

Астанада жеке баспана тұрғызуға арналған жер телімдеріне деген сұраныс ұсыныстан 7 есе артық

АСТАНА. 22-тамыз Kazakhstan Today. Астанада жеке баспана тұрғызуға арналған жер телімдеріне деген сұраныс қазіргі жағдаймен ұсыныстан 7 есе артып отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Икімшілікке күн сайын бір мыңдай азамат жер алуға құжаттар тапсырады",- деп хабарлады бүгін өткен баспасөз мәслихатында Елордасының жер қатынастары жөніндегі басқармасының бастығы Нұрман Хатиев. Бүгінгі жағдаймен осындай 11 мыңдай өтініш тіркелген.

Н.Хатиевтің айтуынша, "түйткіл - Астанада жер ресурстарының шектеулілігіне байланысты болып отыр". "Қазіргі жағдаймен әкімшіліктің резервінде Астанадан 20 шақырым жердегі Ильинка ауылында 1,5 мыңдай жер телімдері ғана қалды",- деп атап өткен ол келесі жылы небәрі 500 жер телімі ғана тегін берілетінін жеткізді.

"Астананың маңында бұдан өзге бос жерлер жоқ. Жердің бәрі шаруа қожалықтарына тиесілі. Ал оларды тәркілеп алу үшін қосымша қаржы қажет. Сол себепті өтініш берген адамдарға бірнеше жыл күте тұруға тура келуі ықтимал",- деді Н.Хатиев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, үкіметтің қаулысына сәйкес, азаматтар берген барлық өтініштер тіркеліп, арнаулы есепке алынады. Бірақ Ильинка ауылындағы жер телімдерін бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен олармен теңестірілген тұлғалар алады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жеке баспана тұрғызуға жер телімдерін алу құқығын беру жөніндегі үкіметтің қаулысы ағымдағы жылдың 1-тамызында қабылданған. Заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өмірінде бір мәрте жеке баспана тұрғызуға жер телімін тегін алу құқығына ие.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны