07.03.2007, 16:18 3286

Астаналық телеарнаның журналисі мәдениет және ақпарат министрін сотқа берді

АСТАНА. 7-наурыз. Kazakhstan Today. Астанадағы "Эра-ТВ" телеарнасының журналисі Юлия Исакова мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың үстінен Астана қаласының Алматы аудандық сотына ар-ұждан мен беделді қорғау жөнінде шағымданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ю.Исакова бүгін аудандық сот ғимаратының алдында әріптестеріне шағымның жайымен таныстырды. Онда атап көрсетілгеніндей, ағымдағы жылдың 2-наурызында президенттің жолдауын жүзеге асыруға арналған республикалық кеңесте еліміздің мәдениет және ақпарат министрі телеарна өкілін залдан шығарып жіберуді талап еткен. Басқа журналистер мен түсірушілердің көзінше Е.Ертісбаев былай деді: "Эраны мына жерден шығарып жіберіңіздер... "Эраға" сұхбат бермейміз... Олар менің үстімнен шағымданып, маған тендерді заңсыз өткізді-міс деп айып таққан". Осыдан кейін "Эра" телеарнасының журналисі шығып кетуге мәжбүр болды.

"Министр өзінің көпе-көрнеу заңсыз әрекетімен журналисті кәсіби қызметін заңды жолмен жүзеге асыруға келмейтіндей жағдай жасап, залдан қуып шықты",- деген түсініктеме берді Ю.Исакова министрдің әрекетіне.

Шағым иелері Е.Ертісбаев осы әрекеті арқылы журналиске де, телернаға да моральдық шығын келтірді деп есептейді. "Менің кәсіби құқығым мен "БАҚ туралы" заң бұзылды",- деді Ю.Исакова.

Шағымданушылардың мәлімдеуінше, "Эра-ТВ" телеарнасының журналисі мен басшылығы жауапкерден моральдық шығын үшін 1 теңге өндіріп беруді талап етеді. "Бастысы ақша емес, ең бастысы - менің кәсіби беделіме нұқсан келді",- деді Ю.Исакова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны