03.12.2007, 09:38 1908

Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуға шаралар қолдану қажет

Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуға шаралар қолдану қажет

Астана. 3-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазірдің өзінде Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуға шаралар қолдану қажет. Бұл туралы Астана қаласының жаңа орталығы құрылысының барысын бақылау бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерік Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлады "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Астана қаласында 2012 жылға қарай халық санының 1 млн адамға дейін өсетінін және тиісінше, автокөлік санының өсетінін ескере отырып, қазірдің өзінде көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша шараларды қабылдау керек", - деді Е. Сұлтанов.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, Астанада соңғы 7 жылда транзиттік көліктерді қоса есептегенде көлік саны 5,6 есеге өскен. Ал көшелер желісі болса, бар болғаны 8 пайызға ғана ұлғайған.

"Астана қаласында халық саны 700 мыңнан асқандағы автокөліктің орташа жылдамдығы сағатына 28 шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш мың тұрғынға шаққандағы көлік құралдарының саны Елорда көрсеткішіне таяу келетін Берлин (24 км/сағ), Варшава (26 км/сағ), Рим (30 км/сағ), Париж (33 км/сағ) секілді ірі қалалардағы орташа жылдамдыққа жақындаған. Сонымен бірге, Мәскеуде қазірдің өзінде орташа жылдамдық сағатына 10 шақырымнан (!) аспайды", - деді Е. Сұлтанов.

"Қала көшелеріндегі көлік мәселесі Астананың экономикасы мен экологиясына кері әсерін тигізіп, туристік тартымдылықты төмендетіп және қалалықтардың өмір сүруіне қиындықтар туғызуда", - деп атап көрестті әкім орынбасары.

"Көлік мәселесін шешу үшін Астанада үстіміздегі жылы 13 көпір мен жол айрықтарының құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылуда", - деді Е. Сұлтанов.

Сонымен бірге, қала әкімінің орынбасары қоғамдық көлікті және жылдам көлік жүйелерін тиімді пайдалану қажет екендігін атап көрсетті.

"Мысал ретінде Сингапур сияқты ірі мегаполисті келтіруге болады. Онда автокөлік құралдары ағынының орташа жылдамдығы сағатына 45 шақырымды құрайды. Ал Пекинде ол 50 км/сағатқа тең", - деп сөзін аяқтады Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны