10.02.2012, 12:24 3769

Атырау облысында қар құрсауында қалған поездар қозғалысы қалпына келтірілді

Қалың қар мен боранның салдарынан бір жолаушы пойызы жолда қалып, қалғандарының қозғалысына кедергі келтірді. Ақтаудан Алматыға бет алған жолаушылар пойызы Құлсары стансасынан 20 шақырым жерде қалың қардан тоқтап қалып, басқа пойыздардың қозғалысы бөгелді.

Атырау. 10-ақпан. Kazakhstan Today - Атырау облысында қар құрсауында қалған поездар қозғалысы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Хабар агенттігінің хабарлауыша, Атырау облысында әртүрлі бағытқа сапарға шыққан 2300 жолаушы өткен түнді вагондарда өткізуге мәжбүр болды.

Қалың қар мен боранның салдарынан бір жолаушы пойызы жолда қалып, қалғандарының қозғалысына кедергі келтірді. Ақтаудан Алматыға бет алған жолаушылар пойызы Құлсары стансасынан 20 шақырым жерде қалың қардан тоқтап қалып, басқа пойыздардың қозғалысы бөгелді. Осылайша Душанбе-Мәскеу, Мәскеу-Душанбе, Маңғышлақтан Ақтау, Астана, Ақтөбе бағыттарына жол алған пойыздар түрлі бекеттер мен стансаларда тоқтатылды. Барлығы 10 жолаушы пойызының алтауы Мақат, Құлсары стансаларына қайтарылды. Сөйтіп, 20 градустық аязда 2316 жолаушы вагондарда қалды. Оның ішінде аяғы ауыр аналар мен жас сәбилер бар.

"Жолды қар басып қалды дейді, не болғанын түсініп тұрған жоқпыз. Ешкім ештеңе түсіндіріп жатқан да ешкім жоқ. 12 сағат болды жолда тұрмыз көмір, азық түлігіміз азайып қалды",- деп хабарлады "Душанбе - Мәскеу" бағытындағы поездің жолсерігі.

Сол күні кешке қарай төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жолда қалғандарға көмек көрсете бастады. Бір қуанарлығы оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ. Ақтөбе-Ақтау бағытындағы бір жүкті әйел денсаулығына байланысты Мақат аудандық ауруханасына жіберілді. Қалғандары ыстық тамақпен қамтылды.

"Оқиға болған жерде екі техника жұмыс жасады. Ол вагонды қалпына келтіру және қарды тазартатын арнайы техника болды. Бұдан басқа теміржолдың бірнеше жүздеген жұмысшылары шығып қар тазалу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бүгін таңғы сағат 5.40-та жол ашылып, тоқтатылған жолаушылар және жүк поездары қалпына келтірілді",- деп мәлім етті Атырау облысының көлік прокуроры Болат Қалықов.

Осындай кешенді көмек арқасында барлық поездар сапарларын жалғастырды. Олар мерзімді уақыттарынан 1 тәуліктей кешігуде.

"Қазіргі кезде Атырау стансасындағы желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен алдын-ала анықтама, тексеру жұмыстары жүргізілуде", - деп мәлім атап өтті Атырау облысының көлік прокуроры Болат Қалықов.

Дегенмен Атырау облысында теміржол қозғалысы толық қалпына келтірілді деп айтуға әлі ерте. Жолаушы поездарынан өзге көптеген жүк құрамалары әлі де кезек күтіп тұр. Тек Құлсары мен Мақат стансаларында 12 жүк құрамасы тоқтатылған Олардың ішінде мұнай тиеген құрама да бар. Және алдағы тәуліктерге синоптиктердің беріп отырған мәліметі алаңдатарлық. Атырау облысында күн әлі суытып, далалықта күшті желдің әсерінен боран соғады,-дейді ауа райын болжаушылар. Демек, облыс теміржолшылары осы жағдайдан қортынды шығарып, жұмыстарына жауапкершілікті күшейтуі керек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны