03.05.2007, 17:42 3143

Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураның Теңізшевройлға қатысты шағымын қанағаттандырды

АСТАНА. 3-мамыр. Kazakhstan Today. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық соты Жылыой аудандық прокуратурасының "Теңізшевройлға" қатысты шағымын қанағаттандырды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Аудандық прокурор "Теңізшевройл" ЖШС-нің табиғат қорғау заңнамасын сақтау жағдайына жүргізген тексеру қорытындысы бойынша компанияға қарсы 1 млрд 57 млн теңгенің шағымын түсірген", деп түсіндірді С.Нұрпейісов.

Тексеру барысында белгілі болғанындай, "Теңізшевройл" ЖШС есепте күкірт кесектерінің нақты көлемін ашып көрсетпеген. Ал 2006-жылы осындай 441 мың тонна күкірт жиналған. "Күкірт кәсіпорынның күкіртті карталарында сақталған, бірақ 1 млрд 57 млн теңге көлеміндегі сақтау төлемі мемлекетке төленбеген",- деді бас прокуратура өкілі.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, қазіргі жағдаймен "Теңізшевройлға қатысты осындай бірнеше шағым дайындалып жатыр". "Құны 5 млн теңгені құрайтын тағы бір шағымның қанағаттандырылғанын мен хабарлай аламын. Ол да қоршаған ортаны ластауға байланысты. Шағымды тағы да Жылыой аудандық прокуратурасы мемлекеттің мүддесіне түсірді",- деді ол. "Қазір тексеру жүргізіліп жатыр, ол аяқталғаннан кейін заң бұзу дерегі анықталып жатса, тиісті прокурорлық шара қолданылады",- деді С.Нұрпейісов.

Сонымен бірге прокуратура өкілінің айтуынша, соттың аталмыш шешімдері әлі күшіне енген жоқ. "Қазір мәселе апелляциялық тәртіппен қаралып жатыр, прокурордың келтірген дәлелдері өте орнықты",- деді С.Нұрпейісов.

Бұған қоса, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілінің ақпаратына сәйкес, қазірде Ақтөбе облыстық табиғат қорғау прокуратурасы "АқтөбеМұнайГаз" компаниясының іс-қызметіне осы тектес тексеру жүргізуде. "Мұнай сақталған амбарларға қатысты бірқатар ұсыныстар бар, тексеру аяқталған соң прокуратура заң бұзушыларға қандай шара қолданатыны туралы жария етеді",- деді С.Нұрпейісов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны