01.10.2007, 14:59 2729

Ауғанстанда американдық әскерлердің болуы есірткі көлемін азайтқан жоқ, керісінше ұлғайтып жіберді - халықаралық сарапшылар

Ауғанстанда американдық әскерлердің болуы есірткі көлемін азайтқан жоқ, керісінше ұлғайтып жіберді - халықаралық сарапшылар

Павлодар. 1-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Ауғанстанда американдық қарулы күштердің болуы есірткі көлемін азайтқан жоқ, керісінше ұлғайтып жіберді. Павлодар қаласында өткен "Есірткіге қарсы саясат және есірткіні пайдаланудың медициналық-әлеуметтік салдары: жаңа концепция - жаңа стратегия" тақырыбындағы конференция барысында халықаралық сарапшылар осындай пікір білдірді.

"Біз жыл сайын Ауғанстандағы есірткіні өсірумен байланысты ахуалдың ауырлап келе жатқандығын көріп отырмыз", - деп мәлім етті "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Тәжікстанның Қоғамдық денсаулық сақтау ассоциациясының атқарушы директоры Рустам Турсунов. "2006 жылы біз рекордтық өнім жайлы айтқан болатынбыз. Ол кезде 6,1 мың - 6,2 мың тонна туралы сөз болған-ды. Биыл апиын көкнәрі бұдан да көп жиналмақ", - деді ол.

Конференцияда айтылған мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылы Ауғанстанда 8,2 мың тонна опиоид өндірілмек. Ол өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп. 2003 жылы мемлекетте 3 мың тонна опиоид өндірілген екен.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Ауғанстандағы американ әскерилері тек елдің солтүстік бөлігін бақылауларында ұстап отыр. Ал апиын көкнәрінің негізгі плантациялары елдің оңтүстігінде орын тепкен. "Америкалықтар дехкандарға (диқандар) астық егуді өтініп, бидай берді, көмекке техника мен ақша да берді. Шаруалар сонда да бас тартып отыр. Себебі, героин одан әлдеқайда пайдалы", - деді Р. Турсунов. "Мұндай жағдайда АҚШ-ның Мемлекеттік департаменті тығырыққа тірелді", - деді ол сондай-ақ.

Орта Азия елдерінде Ауғанстанмен ең ұзын шекаралас Тәжікстан мемлекеті болып табылады. Олардың шекарасының 1000 шақырымнан астамы Ауғанстанмен шектесіп жатыр. Р. Турсуновтың келтірген мәліметіне сәйкес Тәжікстанда заңсыз айналымнан күніне 200 кг әртүрлі есірткі өнімдері алынады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Орта Азиядағы есірткі және қылмыс басқармасы жаһандық бағдарламасының ұйымдастырушысы Нияз Камранның пайымдауынша, егер Ауғанстан аумағындағы опиоид өндірісін азайтумен байланысты ахуалды шеше алмасақ, онда халықаралық қауымдастық үшінші мемлекеттерге есірткі жеткізу арналарын жабу үшін Тәжікстан секілді мемлекеттерге көмекті ұлғайту керек.

Сарапшылардың мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күні есірткі тасымалының жалпы көлемінен тек 1/10 бөлігі қана анықталады екен.

Конференция жұмысына Қазақстаннан, Ресейден, Изірбайжаннан, Түркіменстаннан, Ұлыбританиядан, Австриядан, Румыниядан және т.б. елдерден наркология, медицина салаларындағы жетекші сарапшылар, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны