19.07.2026, 19:41 67246
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын айыптады
Сурет: ҚР СІМ
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды.
Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз.
Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді.
Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді.
Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз және барлық мүдделі тараптарды нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндейміз. Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейміз.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындылары бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады.
Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін растайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
12.08.2026, 14:13 3471
Алматы тұрғыны Балқаш жағалауына көлікпен кіргені үшін бес тәулікке қамалды
Сурет: Polisia.kz
Достарға айту
Балқаш көлінің жағажайына көлікпен кірген 32 жастағы Алматы тұрғыны бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметінен.
Оқиға Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңындағы Балқаш көлінің жағалауында орын алған. Тексеру барысында Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны Арыстанбек Абу автокөлігімен азаматтар, оның ішінде балалар демалып, шомылып жатқан жағалау аумағына барғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен Арыстанбек Абу 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал оның автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.08.2026, 13:01 4101
Цифрлық даму министрлігі 15 млн қазақстандықтың деректері даркнетте сатылып жатқаны туралы ақпаратты тексеруде
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі азаматтардың дербес деректері таралып, даркнетте жариялануы мүмкін деген ақпаратты тексеріп жатыр, деп хабарлайды министрліктің бспасөз қызметінен.
Бүгінде министрлік тиісті күш құрылымдарымен бірлесе отырып жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізілуде. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік желілерде 15 млн қазақстандықтың деректері таралып кетті деген ақпарат тараған болатын. Деректер мемлекеттік eGov сервисін бұзу салдарынан алынған деген болжам да айтылуда.
Министрліктің мәлімдеуінше, қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ.
"Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды",- деп атап өтті министрлік өкілдері.
Техникалық тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.08.2026, 09:14 5116
Бұтақты шатқалында Алматының тау кластерін дамыту аясында жүзден астам ағашты кесу жоспарлануда
Сурет: Әлеуметтік желідегі бейнежазбадан скриншот
Достарға айту
Бұтақты шатқалында Алматы тау кластері дамыту жобасын іске асыруға байланысты жүргізілетін жұмыстар аясында 125 ағашты кесу жоспарланып отыр. Бұл туралы "Іле-Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Kazakhstan Today ақпарат агенттігінің жолдаған сауалына берген жауабында мәлім етті.
"Кесілуге жататын таңбаланған ағаштардың саны - 125", - деп көрсетілген жауапта.
Ұлттық парк өкілдерінің мәлімдеуінше, ағаштың төрт түрі, яғни Шренк шыршасы, еуропалық шырша, қарағай және қайың ағаштары кесіледі.
Мекеме Медеу филиалы Камен орманшылығының Бұтақты шатқалында ағаш кесілетін учаскелерді бөлу және таксациялау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Ағаштарды кесу рұхсатнамасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 25 маусымдағы бұйрығы негізінде 2026 жылдың 29 маусымында берілген.
Құжатта кесу түрі "өзге мақсаттар үшін кесу" деп көрсетілген. Бұл су құбыры тораптарын, құбыр желілерін, автомобиль жолдарын, электр беру желілерін және басқа да желілік нысандарды салуға байланысты орман алқаптарын тазарту жұмыстары дегенді білдіреді.
Кесуге арналған барлық ағаш алдын ала арнайы орман балғасымен таңбаланады.
"Арнайы белгісі жоқ ағаштар кесілмейді. Сондықтан кесуге арналған әр ағаштың діңіне арнайы таңба салынады", - деп нақтылады ұлттық парк өкілдері.
Мекеме жүргізіліп жатқан жұмыстардың Алматы тау кластері жобасын іске асыруға байланысты екенін де мәлімдеді.
"Алматы қаласы мен Алматы облысында тау және шаңғы туризмін дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау мақсатында Алматы тау кластерін дамыту, оның ішінде Көкжайлау шатқалында Almaty Superski жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп айтылған хабарламада.
Жобада Алматы қаласы мен Алматы облысында тау және шаңғы туризмін дамыту көзделген. Атап айтқанда, бұған дейін "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортын, Кімасар және Бұтақты шатқалдарын, сондай-ақ "Пионер" және "Oi Qaragai" курорттарын бірыңғай аспалы жолдар жүйесімен біріктіру қажеттігі айтылған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, маусым айында Көкжайлау шатқалына апаратын бағыт бойындағы ағаштарға таңба салынғаны туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырып, тұрғындар таңбаланған ағаштардың көпшілігі жас ағаш екендігін және де оларда қураған белгілері жоқ екенін айтқан болатын.
Кейінірек "Іле-Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Көкжайлаудағы болашақ туристік курортқа апаратын ұзындығы 6,02 шақырым автомобиль жолын салу үшін 2627 ағашты кесу жоспарланып отырғанын растады.
Шілде айында Көкжайлау аумағында құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Жобаны жүзеге асырып жатқан Kazakh Tourism Development компаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта техникалық және кірме жолдар салынып жатыр. Сонымен қатар, археологиялық зерттеу жұмыстары да басталған.
Көкжайлау аумағында археологиялық мұра нысандары болғандықтан, бұл жұмысқа Археология институтының мамандары тартылды. Алдағы күндері олар қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді зерттеуге кіріседі. Әрбір нысан бойынша жеке шешім қабылдау жоспарланып отыр: шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, нысанды орнында сақтау, музейлендіру немесе оны тікелей Көкжайлау аумағындағы музей экспозициясына енгізу.
Сонымен қатар, кеңейтілген инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Компанияның мәлімдеуінше, 11 аспалы жол салу жоспарланған. Жұмыстарға Францияның POMA компаниясы тартылған. Онымен жүйені жобалау, дайындау, монтаждау және пайдалануға беру туралы келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар, Алматы әкімдігі Көкжайлаудағы қосалқы станцияны қалпына келтіру және Қазачка өзенінің бойымен демалыс аймағының шекарасына дейін кірме жол салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл ретте Көкжайлауда тау курортын салу жоспары қоғамда кең резонанс тудыруын жалғастыруда. Экологтер мен қоғам белсенділері жобаны іске асыруға қарсы шығып, құрылыс орны толмас экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеуде. Олардың бағалауынша, құрылыс тау экожүйелерінің тозуын жеделдетіп, шатқал аумағындағы температураны жоғарылатуы, мұздықтардың жағдайына кері әсер етуі, сондай-ақ жануарлардың мекендеу орындарының жойылуына және орман алқабының бір бөлігінің кесілуіне әкелуі ықтимал.
Әлеуметтік желілерде алматылықтар шатқалды және жаяу туризммен айналысу мүмкіндігін сақтап қалуға шақырып, тауларда құрылыс жүргізуді одан әрі жалғастыруға қарсы шығып жатыр. Олардың пікірінше, Көкжайлауда ең алдымен экологиялық туризмді дамытып, табиғи аумақты болашақ ұрпақ үшін сақтау қажет.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.08.2026, 18:33 8876
Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құны өсті
Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,9%-ға кеміген
Достарға айту
Шілде айында Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бағасы 1,4%-ға өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросынан.
Сонымен қатар, тұрғын үйді сатып алу-сату нарығында да баға өскені атап өтілді. Маусым айымен салыстырғанда жаңа тұрғын үй бағысы 0,7%-ға, екінші нарықтағы баспана ба,асы 0,1%-ға қымбаттаған.
2025 жылдың шілде айымен салыстырғанда жаңа тұрғын үй бағасы 14,6%-ға, екінші нарықтағы баспана 9,5%-ға, ал жалдау құны 14,2%-ға өсті.
Толығырақ тоқталсақ, Астанада жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 739 033 теңгені, екінші нарықтағы баспананың бағасы 731 722 теңгені, ал жалдау құны 5 796 теңгені құрады.
Алматыда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 739 762 теңге, екінші нарықтағы баспана 743 546 теңге, жалдау құны 5 961 теңге болды.
Бұл ретте тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,9%-ға кеміген.
"2026 жылдың шілде айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 37 158 мәміле тіркелді. Ал, 2026 жылдың маусым айында 39 053 мәміле тіркелген болатын", - деп атап өтті бюродан.
Мәмілелердің ең көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды облысында жасалғаны айтылған. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді: онда 311 мәміле жасалған, бұл жалпы көрсеткіштің 0,8%-ын құрайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.08.2026, 17:40 8686
Алматы облысында алқабилер күйеуін өлтірді деп айыпталған әйелді ақтап алды
Осының негізінде сот ақтау үкімін шығарды
Достарға айту
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен күйеуін өлтірді деп айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректеріне сүйенсек, 1 мамыр күні ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, сотталушы жұбайының жүрек тұсына ас үй пышағымен бір рет соққы жасаған, соның салдарынан жәбірленуші алған жарақатынан қайтыс болған.
Сот талқылауы барысында екі тарап ұсынған дәлелдемелер зерттеліп, істі қарау қорытындысы бойынша алқабилер алқасы сотталушының кінәсіздігі туралы вердикт шығарды.
Осының негізінде сот ақтау үкімін шығарды.
Бұған дейін тағайындалған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылды.
Жәбірленушінің моральдық және материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырусыз қалдырылып, процестік шығындар мемлекет есебіне жатқызылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.08.2026, 19:35 19206
Қазақстан кітапханаларында бірыңғай оқырман билеті енгізіледі
Достарға айту
Қазақстанда кітапханаларға арналған бірыңғай ұлттық электронды платформа құрып, бірыңғай оқырман билетін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет мәлімдеді.
Кітапханаларға арналған бірыңғай электронды платформа құруды бұған дейін Мемлекет басшысы тапсырған болатын. Ол әртүрлі өңірлердегі кітапханаларда сақталатын кітаптар туралы ақпаратты біріктіріп, қолжетімді кітап даналарының санын білуге мүмкіндік береді.
Платформада авторлар өз шығармаларын ұсына алатын жүйе де құру жоспарланып отыр.
Мырзахметтің айтуынша, жобаны іске асыру бойынша ұсыныстар Үкіметке жолданған.
"Бұған дейін де бізде ақпараттық жүйе жұмыс істеген. Өткен жылы оған Абай мұрасын цифрлық форматта орналастырып, оқырмандарға қолжетімді еттік. Алдағы уақытта Бірыңғай платформаға қатысты міндеттер жаңа "Кітапхана және кітап басып шығару ісі туралы" заңда да айқындалатын болады. Абай мұрасы платформада жеке модуль ретінде ұсынылады. Кейін авторлардың рұқсатымен жаңа еңбектер де осы жерге орналастырылатын болады", - деді ол.
Еске салайық, Қазақстанда 10 тамызда Абай күні атап өтілуде. Мерекелік іс-шаралар Мәскеуде де өтті.
Мамыр айында Мемлекет басшысы оқитын ұлт қалыптастыру туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.08.2026, 18:36 20036
Алматыда "Сергек" камералары электросамокат жүргізушілерінің заң бұзушылықтарын тіркей бастайды
Достарға айту
Алматыда автоматтандырылған "Сергек" жүйесі электросамокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау үшін қолданылады. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Қазіргі уақытта полиция кикшеринг компанияларының деректер базасын полиция жүйелерімен біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Техникалық кезең аяқталғаннан кейін жол ережесін бұзушылар автоматты түрде анықталады.
Полиция электросамокаттардың көлік құралы ретінде ресми танылғанын, сондай-ақ оларды пайдаланушылар мен жалға беру сервистеріне заң талаптары қолданылатынын еске салды.
Автоматты бақылау толық іске қосылғанға дейін жолдағы тәртіпті патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және электросамокатпен жүретін арнайы патрульдер қамтамасыз етеді.
Жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзған 18 мыңнан астам электросамокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Еске салайық, 25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокат пайдаланушыларға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Жалға берілетін электросамокаттарға тіркеу нөмірлері енгізіледі, ал тротуарлармен жүруге тыйым салынады.
Жолдың жүріс бөлігіне тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана шыға алады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.08.2026, 15:44 21576
Comic Con Astana 2026 фестиваліне 76 мыңнан астам қонақ келді
Достарға айту
6-9 тамыз аралығында Астана қаласында заманауи поп-мәдениетке арналған бесінші халықаралық Comic Con Astana 2026 фестивалі өтті. Төрт күн ішінде іс-шараға 40-тан астам елден 76 мыңнан астам адам келді, деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
Фестиваль алғаш рет бірден төрт халықаралық хедлайнерді - Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар сияқты жұлдыздарды қабылдады. Актерлер жанкүйерлерімен кездесіп, Q&A сессияларына қатысып, қолтаңбалар таратты. Сондай-ақ, фотосессия да ұйымдастырылды.
"Тақтар ойыны" телехикаясындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал Николай Костер-Вальдау қонақтардың ерекше назарын аударды. Журналистермен кездесу барысында актер Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, Астанада бір күн ішінде соңғы үш жылда жемеген етті жегенін әзілмен атап өтті.
"Кез келген ел туралы алғашқы әсерді адамдар қалыптастырады. Қазақстанда мені өте жылы қарсы алды. Адамдар ашық әрі мейірімді. Сондай-ақ, маған Қазақстанның табиғаты бейнеленген суреттей таңғажайып екен. Енді табиғатты, әсіресе Маңғыстауды көру үшін мұнда міндетті түрде қайта келуім керек", - деді Николай Костер-Вальдау.
Актер журналистредің Қазақстан «Тақтар ойынының» географиясында қандай орын алуы мүмкін деген сұрағына еліміз ықпалды көршілер арасындағы дипломатия аумағы болар еді деген жауап берді.
"Егер "Тақтар ойыны" тұрғысынан пайымдасақ, Қазақстан қазірдің өзінде өте ықпалды екі көршінің ортасында орналасқан. Телехикаяда ол Ланнистерлер мен дотракилер елінің арасында орналасып, дипломатия аумағына айналар еді. Оны екі тарап та өзінің ең жақын досы санайтын ел болары сөзсіз", - деген оймен бөлісті фестиваль хедлайнері.
"Өткір күнқағарлар" телехикаясындағы Артур Шелби рөлімен танымал британдық актер Пол Андерсон да фестивальге жоғары баға берді.
"Менің бар болымысым осы. Өзімді басқа адам етіп көрсете алмаймын және әдетте алған әсерім туралы шындықты айтамын. Сондықтан бұл - мен қатысқан Comic Con фестивальдерінің ішіндегі ең үздігі екендігін шын жүректен айта аламын", - деді актер.
Netflix-тің One Piece телехикаясының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар да жанкүйерлерімен кездесіп, фестиваль бағдарламасына қатысты.
Comic Con Astana фестиваліне алғашқы күні 16 мыңнан астам адам келіп, жоба тарихындағы ашылу күнінің рекордтық көрсеткішін көрсетті.
Фестивальдің басты оқиғаларының бірі халықаралық косплей байқауы болды. Оның қазылар алқасының құрамына Kamui Cosplay және Leon Chiro секілді индустрияның танымал өкілдері енді. Байқаудың жүлде қоры 20 млн теңгені құрайды.
Фестиваль аясында музыкалық қойылымдар, соның ішінде оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобының концерті өтті. Сондай-ақ блогерлермен, суретшілермен, косплейшілермен және контент жасаушылармен түрлі кездесулер ұйымдастырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
INTERNET TELEVISION
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
12.08.2026, 09:58Каспий теңізі күні 12 тамызда атап өтілуде 12.08.2026, 15:06 5741Елімізде бизнесті қолдау орталықтары ашылады12.08.2026, 15:45 5251Қазақстан Каспий маңы елдерін теңізі деңгейінің төмендеуіне қарсы күресті күшейтуге шақырды12.08.2026, 09:14 4836Бұтақты шатқалында Алматының тау кластерін дамыту аясында жүзден астам ағашты кесу жоспарлануда12.08.2026, 11:55 4531Израильде Қазақстандағы саяси өзгерістер таныстырылды
06.08.2026, 15:56 73411Қазақстанда шетелдік танымал тұлғалар бейнеленген саяси үдерістерге қатысты фейктердің жаңа толқыны анықталды06.08.2026, 13:30 7327616 тамыздан бастап ҮАААЖ-мен жүру құны екі есе қымбаттайды06.08.2026, 16:21 72981Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты06.08.2026, 17:55 71436СҚО ауылдарын сумен қамтуға қайтарылған активтер есебінен 2,7 млрд теңге бөлді06.08.2026, 18:38 60696"Тақтар ойынының" жұлдызы Қазақстан туралы алғашқы әсерімен бөлісті
24.07.2026, 17:33 105616АҚШ Қазақстаннан әкелінетін жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде баж салығын енгізді24.07.2026, 13:01 99336Ресейдегі қоймаларға жасалған шабуылдардан кейін Қазақстандық Wildberries селлерлері үлкен шығынға ұшырағандарын мәлімдеді23.07.2026, 17:20 97916Маңғыстау облысы Қазақстан мен Өзбекстанның Өңір басшылары кеңесін қабылдауға дайындалуда17.07.2026, 23:10 97076Қазақстан БҰҰ алаңында волонтерлікті дамытудың үздік тәжірибелерін таныстырды17.07.2026, 14:41 94936ЖИ дамыту әскери бәсекеге емес, бейбітшілік қағидаттарына негізделуі қажет - Тоқаев

