26.01.2022, 17:15 43226

Қазақстанда 2021 жылы 990 мыңнан астам адам АӘК алды

Осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді.
НҰР-СҰЛТАН. 26 ҚАҢТАР - 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 198,4 мың отбасындағы 990,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді, деп нақтылады ведомствода.
 
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
 

2022 жылғы 1 қаңтарда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 259,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.

 
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
 
Министрлікте еске салғандай, АӘК алушыларға ТЖ тәртібі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда, 2022 жылғы I тоқсанда көмек тағайындау ұзартылды.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылдың I тоқсанында ТЖ режимі мен шектеу карантиндік шараларының әсеріне байланысты АӘК алушыларға көмек тағайындау ұзартылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша АӘК 198,1 мың отбасынан 988,8 мың адамға тағайындалды.
 
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны