20.01.2021, 15:35 11418

Қазақстанда ҰБТ-2021 басталды

Алматы. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанда 11-сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бүгін еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, ақпанның 5-іне дейін жалғасады. Республика бойынша барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейді.
 

Қаңтар айындағы ҰБТ коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның келісімімен өтіп, карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады", - деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі.

 
ҰБТ-ны 120 мыңнан астам адам тапсырады деп жоспарланып отыр. Олар – 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады.
 
Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.
 
Тестілеу тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.
 
Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталатын болады. Тестілеу барысында қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылды. ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен зарарсыздандырылатын болады. 
 
Алматыда ҰБТ 20-30 қаңтар аралығында қаланың бес жоғары оқу орны: Қазақ ұлттық аграрлық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық бизнес университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтеді, деп хабарлады әкімдік.
 
Бұл ретте ҰБТ өткізу пункттерінде күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі. 
 
Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 одан әрі таралуының алдын алу мақсатында ҰБТ өткізудің келесі жоспары бекітілді.
 
ҰБТ өткізу пункттерінде ұйымдастырылатын болады:
 
— медициналық пункттің медицина қызметкері мен жедел медициналық көмек бригадасының кезекшілігі;
 
— медицина қызметкерінің денсаулық жағдайына сауалнама жүргізіп, дене температурасын өлшей отырып, ҰБТ өткізу пунктінің барлық қызметкерлерін күн сайын ауысым алдындағы фильтрды жүзеге асыруы, адамдардың жиналуына жол берілмейді, вестибюльдер мен дәліздерде адамдарды күтуге жол берілмейді;
 
— ішке кіргізер кезде кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қамтамасыз етіледі, шектеу ленталары орнатылады;
 
— ҰБТ өткізу пункттерінде дезинфекциялық тоннельдер мен аяқ киімге арналған кілемшелер, санитайзерлер орнатылады;
 
— шығаберісте пайдаланылған бетперделерге арналған қоқыс жәшіктері орнатылады (барлық қолданылған бетперделер кәдеге жаратылады);
 
— желдету режимін сақтауды қамтамасыз ете отырып, профилактикалық тексеру (сүзгілерді ауыстыруды, ауа өткізгіштерді дезинфекциялауды қоса алғанда) жүргізе отырып, желдету жүйелері мен ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;
 
— ҰБТ өткізу пункті қызметкерлерінің, тестілеуге қатысушылардың және өзге де адамдардың жеке гигиенаны сақтауы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету (санитарлық тораптардың жұмыс істеуі, қол жууға арналған қолжуғыштардың, сабындардың, бір реттік сүлгілердің немесе электр сүлгілердің, санитайзерлердің болуы);
 
— күніне кемінде 2 рет ҰБТ өткізу болжанатын барлық аудиторияларды оларға қоса берілген нұсқаулыққа сәйкес жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тазалық жұмыстары жүргізіледі, ғимараттарды әрбір 1,5-2 сағат сайын желдетуді жүзеге асыру қажет.
 
Бұдан басқа, ҰБТ өткізу пункттерінде үздіксіз электрмен жабдықтау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кезекшілік қамтамасыз етіледі.
 
Бүгін Нұр-Сұлтанда сынақтық Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 2021 жылдың 20 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында "Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КЕАҚ, "С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті" КЕАҚ, "Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті" мекемесі базасында күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып өтеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы" ҚР Білім Министрлігінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі №420 бұйрығына өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ҰБТ 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында). Қоғамдық жиналатын орындарға бару қажеттілігін болдырмау үшін коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініштерін қабылдау 2020 жылғы желтоқсанда ent2020.testcenter.kz. сайтында on-line тіркеу арқылы жүзеге асырылды.
 
Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайтын болады. Сондай-ақ өңірлердегі тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайтын болады. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстайды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны