22.02.2023, 08:21 20316

Қазақстанда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталды

Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды
Қазақстанда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталды
Сурет: Depositphotos
Астана. 22 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ресми Telegram-арнасы хабарлады.

2022 жылғы қыркүйектен бастап ағымдағы жылғы 20 ақпанға дейін Алматы және Астана қалаларында 6 журналист пен блогерге, сондай-ақ 1 адамға қатысты олардың қызметімен байланысты бірқатар құқыққа қарсы әрекеттер жасалды", - делінген хабарламада.


Полицияның мәліметінше, жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікке қасақана зақым келтіру, автокөліктерді өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту фактілері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар және Интернет желісінде дербес деректерін тарату фактілері жасалды.

Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК 115 "Қауіп", 147 "Жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату", 158 "Журналистік қызметке кедергі жасау", 202 "Бөтеннің мүлкін қасақана жою", 293 "Бұзақылық" баптары бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды. Дәлелдемелік базаны нығайту бойынша қажетті тергеу-жедел іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ІІМ.


Бұған дейін хабарланғандай, Алматы полициясы журналист Борейконың операторына тиесілі екі көліктің жарылысын тергеп жатыр. Бұған дейін БАҚ-та Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз адамдар монтажды көбікпен толтырғаны туралы хабарланған болатын.

Сонымен қатар, Еlmedia басылымының редакциясына бірнеше рет шабуылдар жасалып, қызметкерлерге қауіп төнді. Өткен жылдың қараша айында Алматыда журналистерге қарсы бұзақылық жасап, Elmedia, KZ News және Orda.kz редакциялық кеңселерінің мүлкіне зиян келтірген екі күдікті қамауға алынды.

Қаңтар айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге қарсы бірқатар қылмыстарға мұқият тергеу жүргізуді тапсырды.

Тек орындаушылар ғана емес, осы заңсыз әрекеттердің тапсырыс берушілері де анықталуы керек", - деді Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны