06.10.2021, 15:30 52362

Қазақстанда жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын 820 бұзушылық анықталды

Айыппұл сомасы 8 млн теңгеден асты.
НҰР-СҰЛТАН. 6 ҚАЗАН - Жыл басынан бері инспекторлар мен қорықшылар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 820 жағдайын анықтады. Айыппұл сомасы 8 млн теңгеден асты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Браконьерлікпен күрес шаралары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев айтып берді. 
 

Табиғат пайдалану саласында жыл басынан бері 1 700 аса рейдтік іс-шара және 441 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 820 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды. Аталған заң бұзушылықтар бойынша 768 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 6 млн теңгеден астам сома өндірілді", - деді Тұрғамбаев.

 

Ақбөкендерге ерекше тоқталып өткім келеді. 2021 жылғы есеп нәтижелері бойынша, тұрақты қорғаудың арқасында олардың саны 842 мыңға жетті. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғауды "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК мекемесі жүргізеді. Жалпы ауданы 123,0 млн. га 12 әкімшілік облыстың аумақтарында жүзеге асырады. Онда 430 инспектор және жүріп өту мүмкіндігі жоғары 152 бірлік жол талғамайтын автокөлік құралдары жұмылдырылған".

 
Тұрғамбаев, сондай-ақ, 2019 жылы үш инспектор қайтыс болған қайғылы оқиғаға байланысты заңға қандай өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
 

2020 жылғы қаңтарда санкцияларды қатаңдату бөлігінде 335 және 337-баптарға түзетулер күшіне енді, яғни қылмыстық теріс қылықтар қылмысқа көшті, сондай-ақ 337-бапқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясымен жаңа 6 бөлім енгізілді. 339-бапқа киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз алуды, сатып алуды, сақтауды, өткізуді, әкелуді, әкетуді, жөнелтуді, тасымалдауды немесе жоюды көздейтін 1-1-бөлік енгізілді, ол үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді, мүлкі тәркіленеді. 380-1-бапта жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қорықшының өміріне қолсұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ, қорықшыға қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 380-2-бап енгізілді", - деді спикер.

 
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы "Охотзоопром" қорықшылары мен инспекторларының өміріне қастандық жасағаны үшін жаза қатаңдатылды. Қорықшыларға шабуыл жасағаны үшін браконьерлер 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
 
Заңға түзетулер Қарағанды облысындағы "Охотзоопром" инспекторларына жасалған резонанстық шабуылдан кейін қабылданды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны