16.09.2026, 18:03 6795 / 1274

Қазақстандықтарға Грузияда жұмыс істеудің жаңа ережелері туралы ескертілді

Тиісті рұқсатсыз ақылы жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған
Қазақстандықтарға Грузияда жұмыс істеудің жаңа ережелері туралы ескертілді
2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шетел азаматтарының Грузия заңнамасында көзделген еңбек қызметін жүзеге асыру құқығынсыз жұмыс істеуі елден шығарып жіберуге негіз болатын жағдайлардың тізіміне енгізілді. Бұл туралы брифинг барысында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

Қазақстан азаматтары үшін Грузияға кіру және онда болудың визасыз режимі сақталады. Қазақстандықтар елде бір жылға дейін визасыз бола алады.

Сонымен қатар, СІМ визасыз режим тек Грузияға кіруге және ел аумағында болуға құқық беретінін, алайда еңбек қызметімен айналысуға рұқсат етпейтінін атап өтті.

Тиісті рұқсатсыз ақылы жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Шетел азаматы елден шығарылуы да мүмкін. Елден шығарылған жағдайда оның Грузияға қайта кіруіне екі жылдан бес жылға дейін тыйым салынуы ықтимал.

Осыған байланысты Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлікпен немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына мұндай қызметті бастамас бұрын Грузия заңнамасында көзделген жұмыс істеу құқығының бар екеніне көз жеткізу қатаң түрде ұсынылады.

СІМ қазақстандықтарды Грузияның заңнамасы мен көші-қон ережелерін қатаң сақтауға, сапар мақсатына байланысты талаптарды алдын ала нақтылауға және айыппұл салуға, елден шығаруға әрі кейіннен қайта кіруге шектеу қоюға әкеп соғуы мүмкін заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны