22.01.2021, 17:38 12169

Қазақстанның төрт қаласында қорғасынның балалардың ағзасында бар-жоғы тексеріледі

Нұр-Сұлтан. 22 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанның 4 қаласында пилоттық жоба негізінде балалар ағзасында қорғасынның бар-жоғы тексеріледі.
 
Мұндай зерттеу елде соңғы рет 30 жыл бұрын жүргізілген, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Қорғасын нағыз экотоксинді зат болып есептеледі. Күнделікті тұрмыста зауыттардың, көліктің ауаға тастайтын зиянды қалдықтарында көптеп кездеседі. Тіпті түрлі түсті заттар мен косметикада да белгілі бір мөлшері бар. 

 

Қорғасында бірқатар өңнің оксидтері бар. Әсіресе жарқын бейнелерде ол көптеп кездеседі. Алайда ондай концентрация көлемін анықтайтын норма жоқ. Салдарынан құрамында қорғасын бар заттар балабақша мен мектептерде де көптеп қолданылады. Біз дүкеннен барып сатып алған бояуда қорғасын көлемі Еуропа мен АҚШ, Жапониядағы шекті мөлшерден 1000 есе көп болып шыққан", - дейді эколог Дмитрий Калмыков. 

 
Осыған қарамастан Қазақстандағы регламент бойынша құрамында қорғасын бар бояуларды пайдалануға тыйым салынған. Алайда іс жүзінде ол өз нәтижесін бермей отыр. Адам ағзасында қорғасын мүлде болмауы тиіс. Себебі қауіпті темір ішке енсе, ол сүйекті әлсіретіп, қан айналымды нашарлатады. Ағзадан шығару үшін ондаған жылдар бойы емдеу курстарынан өту керек. 
 

Ағзаға түскен кезде ол алдымен ми, тыныс алу жүйесі, жүрек-тамыр жүйесін зақымдайды. Кейін жүйке жасушаларына әсер етеді. Әсіресе 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар ағзасы тез улануға бейім келеді. Қорғасын ағзаға түскенсоң тез бейімделіп, кері әсерлері ұлғая береді", - дейді токсиколог Сәуле Смағұлова.

 
Пилоттық жоба аясында қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды мен Шымкент қалаларында тегін сынама тапсыруға болады. 
 

Ұлттық орталық ЮНИСЕФ-пен бірігіп осындай зерттеу жүргізіп жатыр. Барлығы 4 пен 11 жас аралығындағы 1 мың баланы тексереді. Кейін бұл жоба ұлттық сипат алып, Батыс Қазақстан мен Өскеменде де өткізу жоспары бар. Себебі қорғасынды кез келген ағзадан кездестіруге болады", - дейді медицина орталығының басшысы Алмаз Нарбаев.

 
Зерттеу нәтижесі бойынша мамандар бірқатар ұсыныс әзірлемек. Кейін қорғасынды қолдану бойынша арнайы норма жасақталады. Ал балалар алаңдарын қазірдің өзінде өндіріс ошақтары мен жол жиегінен алыс орнатқан жөн дейді мамандар. Сондай-ақ қолданатын заттар мен ойыншықтардың құрамын мұқият қараған жөн.
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны