Бұтақты шатқалында Алматының тау кластерін дамыту аясында жүзден астам ағашты кесу жоспарлануда
Сурет: Әлеуметтік желідегі бейнежазбадан скриншот
Бұтақты шатқалында Алматы тау кластері дамыту жобасын іске асыруға байланысты жүргізілетін жұмыстар аясында 125 ағашты кесу жоспарланып отыр. Бұл туралы "Іле-Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Kazakhstan Today ақпарат агенттігінің жолдаған сауалына берген жауабында мәлім етті.
"Кесілуге жататын таңбаланған ағаштардың саны - 125", - деп көрсетілген жауапта.
Ұлттық парк өкілдерінің мәлімдеуінше, ағаштың төрт түрі, яғни Шренк шыршасы, еуропалық шырша, қарағай және қайың ағаштары кесіледі.
Мекеме Медеу филиалы Камен орманшылығының Бұтақты шатқалында ағаш кесілетін учаскелерді бөлу және таксациялау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Ағаштарды кесу рұхсатнамасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 25 маусымдағы бұйрығы негізінде 2026 жылдың 29 маусымында берілген.
Құжатта кесу түрі "өзге мақсаттар үшін кесу" деп көрсетілген. Бұл су құбыры тораптарын, құбыр желілерін, автомобиль жолдарын, электр беру желілерін және басқа да желілік нысандарды салуға байланысты орман алқаптарын тазарту жұмыстары дегенді білдіреді.
Кесуге арналған барлық ағаш алдын ала арнайы орман балғасымен таңбаланады.
"Арнайы белгісі жоқ ағаштар кесілмейді. Сондықтан кесуге арналған әр ағаштың діңіне арнайы таңба салынады", - деп нақтылады ұлттық парк өкілдері.
Мекеме жүргізіліп жатқан жұмыстардың Алматы тау кластері жобасын іске асыруға байланысты екенін де мәлімдеді.
"Алматы қаласы мен Алматы облысында тау және шаңғы туризмін дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау мақсатында Алматы тау кластерін дамыту, оның ішінде Көкжайлау шатқалында Almaty Superski жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп айтылған хабарламада.
Жобада Алматы қаласы мен Алматы облысында тау және шаңғы туризмін дамыту көзделген. Атап айтқанда, бұған дейін "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортын, Кімасар және Бұтақты шатқалдарын, сондай-ақ "Пионер" және "Oi Qaragai" курорттарын бірыңғай аспалы жолдар жүйесімен біріктіру қажеттігі айтылған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, маусым айында Көкжайлау шатқалына апаратын бағыт бойындағы ағаштарға таңба салынғаны туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырып, тұрғындар таңбаланған ағаштардың көпшілігі жас ағаш екендігін және де оларда қураған белгілері жоқ екенін айтқан болатын.
Кейінірек "Іле-Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Көкжайлаудағы болашақ туристік курортқа апаратын ұзындығы 6,02 шақырым автомобиль жолын салу үшін 2627 ағашты кесу жоспарланып отырғанын растады.
Шілде айында Көкжайлау аумағында құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Жобаны жүзеге асырып жатқан Kazakh Tourism Development компаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта техникалық және кірме жолдар салынып жатыр. Сонымен қатар, археологиялық зерттеу жұмыстары да басталған.
Көкжайлау аумағында археологиялық мұра нысандары болғандықтан, бұл жұмысқа Археология институтының мамандары тартылды. Алдағы күндері олар қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді зерттеуге кіріседі. Әрбір нысан бойынша жеке шешім қабылдау жоспарланып отыр: шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, нысанды орнында сақтау, музейлендіру немесе оны тікелей Көкжайлау аумағындағы музей экспозициясына енгізу.
Сонымен қатар, кеңейтілген инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Компанияның мәлімдеуінше, 11 аспалы жол салу жоспарланған. Жұмыстарға Францияның POMA компаниясы тартылған. Онымен жүйені жобалау, дайындау, монтаждау және пайдалануға беру туралы келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар, Алматы әкімдігі Көкжайлаудағы қосалқы станцияны қалпына келтіру және Қазачка өзенінің бойымен демалыс аймағының шекарасына дейін кірме жол салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл ретте Көкжайлауда тау курортын салу жоспары қоғамда кең резонанс тудыруын жалғастыруда. Экологтер мен қоғам белсенділері жобаны іске асыруға қарсы шығып, құрылыс орны толмас экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеуде. Олардың бағалауынша, құрылыс тау экожүйелерінің тозуын жеделдетіп, шатқал аумағындағы температураны жоғарылатуы, мұздықтардың жағдайына кері әсер етуі, сондай-ақ жануарлардың мекендеу орындарының жойылуына және орман алқабының бір бөлігінің кесілуіне әкелуі ықтимал.
Әлеуметтік желілерде алматылықтар шатқалды және жаяу туризммен айналысу мүмкіндігін сақтап қалуға шақырып, тауларда құрылыс жүргізуді одан әрі жалғастыруға қарсы шығып жатыр. Олардың пікірінше, Көкжайлауда ең алдымен экологиялық туризмді дамытып, табиғи аумақты болашақ ұрпақ үшін сақтау қажет.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

