02.06.2009, 16:00 3237

Байқоңырда Қала күнін атап өтуде

Байқоңырда Қала күнін атап өтуде

Қызылорда. 2 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Байқоңырда бүгін Қала күнін атап өтуде, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мереке бағдарламасында алғаш рет әскери парад өткізілмейді. Бірінші қаңтардан бастап әскерилер ғарыш айлағынан ресми түрде қоныс аударды", - деп хабарлайды әкімшілік. Қала күніне арналған іс-шаралар бүгін таңертең қаза тапқан ғарышкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейін орталық алаңда қала кәсіпорындары мен ғарыш айлағының мерекелік шерулері өтеді. "Байқоңырдың құрметті азаматы" деген атаққа ие болған адамдарды марапаттау рәсімі де бар.

Бұл жолы жергілікті биліктің шешімімен құрметті азамат деген атаққа ғарыштық кешендердің ұзақ мерзімді әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етуші зымыран тасығыштарды жасауға елеулі үлес қосқан Социалистік еңбек ері, Ленин және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Александр Солдатенков пен Ұлы Отан соғысының ардагері, "Байқоңыр" ғарыш айлағының ардагері, көптеген ордендер мен медальддардың иегері Бисет Мажағұлов ие болды.

"1955 жылдың 2-маусымында Совет Одағы қарулы күштерінің бас штабының директивасымен құпия 5-ші ғылыми-зерттеу полигоны мен оған серіктес-кенттің негізі қаланды", - дейді қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Любовь Брянцева.

Қазір Байқоңырда 70 мыңға жуық адам тұрады, халықтың 56,8% - Қазақстан Республикасының азаматтары, 39,6% - Ресей Федерациясының азаматтары.

"Қай елдің азаматы екеніне қарамастан, қаланың барша тұрғыны бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие. Қалалық мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа қабылдауда, баланы балабақша немесе мектепке кіргізуде, қаладағы барлық мекемелерге өтінішпен келген кезде қаланың барлық тұрғындары бірдей құқыққа ие", - деп мәлімдеді Байқоңыр қалалық әкімдігі басшысының орынбасары Анатолий Петренко.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта қаладағы саябақтар мен демалыс аймақтарын, орталық саябақты жайластыруда және жолдарды жөндеу бағытында ауқымды жұмыстар тындырылды.

Көктемде Байқоңырда бірінші қазақстандық нысандар пайдалануға берілді. Соның ішінде заманауи әкімшілік ғимаратта Қазақстанның осы қаладағы барлық ғарыш саласындағы кәсіпорындары мен ұйымдары орын тепті.

"Биыл Байқоңырда 1240 орынға есептелген мектеп пен 280 орынға есептелген балабақша пайдалануға беріледі, сондай-ақ, республиканың өз қаржысының есебінен әйелдерге ақыл-кеңес беретін орны бар перзентхана салынуда. Бұл нысандар Қазақстан мен Ресейдің ғарыш айлағындағы ынтымақтастығының жаңа кезеңін сипаттайды", - деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасындағылар.

"Қазір "Урбостиль" (Алматы) жобалау- қала салу жөніндегі фирмасы қаланы 2050 жылға дейін дамытудың жаңа бас жоспарын жасауда", - деді А. Петренко. Оның айтуынша, сәулетшілер Байқоңыр қаласын дамытудың ерекшеліктері мен келешегін ескермекші. Бұған дейінгі бас жоспарды 1987 жылы "Казгипроград" жобалаушы институты жасаған және ол 2005 жылға дейін есептелген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны