03.01.2008, 17:25 3136

Байқоңырда мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бөлімі ашылды

Байқоңырда мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бөлімі ашылды

Байқоңыр. 3 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Байқоңырда қала әкімі Александр Мезенцевтің қаулысымен "Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі кешенді орталығының" жанында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру бөлімі ашылды. Бұл туралы агенттік тілшісіне қала әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Сонымен бірге, баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, денсаулығы осал балалар үшін Байқоңырда қалалық балалар емханасында арнаулы ем қабылдау мүмкіндігі бар.

Баспасөз қызметінің жетекшісі Любовь Брянцеваның мәліметінше, қалалық халықты әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы "әлеуметтік төлемдер, жеңілдіктер, жәрдемақылар мен өтемақылардың 50-ден астам түрі көрсетілуде".

"Өткен 2007 жылы әлеуметтік қолдаудың басым бөлігі халықтың ең әлеуметтік аз қорғалған бөлігіне арналды. Бұлар қарттар, мүгедектер, жетімдер, кірісі төмен отбасылар, сондай-ақ, тіршіліктің тауқыметін тартқандар", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Илеуметтік көмекке зәру байқоңырлықтардың саны 2007 жылы 4571 адамды құрады, олардың 3521-і зейнеткер, 350-і мүгедектер. Сонымен бірге тұрғын үй субсидиясын тағайындауды сұрағандардың саны 1217 отбасы болды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қаладағы 300-ден астам барлық көп балалы отбасыларға бірқатар жеңілдіктер көрсетіледі. Соның ішінде, коммуналдық қызметтер төлеміне 30-проценттік жеңілдік көрсету, 6 жасқа дейінгі балаларға дәрігерлердің белгілеуі бойынша тегін дәрі-дәрмек беру, сондай-ақ, балабақша төлеміне 50-проценттік жеңілдік жасалынады.

"Кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуі жергілікті билікті қосымша әлеуметтік көмек шараларын қарастыруға мәжбүр етті", - деді Л. Брянцева. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік көмекке зәру барлық мұқтаж жандар күнделікті тұтыным тауарларын "Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі кешенді орталығы" атты мемлекеттік мекеменің дүкенінен нарықтағы бағадан 30 пайыз арзан бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, қала басшысының шешімімен Байқоңырдағы барлық зейнеткерлер азаматтығына қарамастан, 2007 жылы жергілікті бюджеттен 400 рубль (2 мыңға жуық теңге) көлемінде ай сайынғы қосымша төлемдерге ие болып келді. Бұған қоса түрлі мерекелер мен даталы күндерде ардагерлерге материалдық көмектер көрсетілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны