24.10.2006, 13:32 3512

Байқоңырда опат болған зымыран сынаушыларды еске алу күні өтті

БАЙҚОҢЫР. 24-қазан. Kazakhstan Today. Байқоңырда бүгін 1960 және 1963-жылдары опат болған зымыран сынаушыларды еске алу күні өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Искерлер саябағындағы ескерткіштің жанында таңертең митинг өтіп, оған Байқоңыр тұрғындары мен қала қонақтары, қаза тапқан зымыран сынаушылардың туыстары, әскери оқу орындарының тыңдаушылары, оқушылар мен студенттер, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жетекшілері мен қызметкерлері жиналды.

Митингіде сөз сөйлеген ғарыш айлағының жетекшілері мен қала тұрғындары қаза тапқан сынаушылардың ерлігіне бас иіп, рухына тағзым етті. "Осынау қайғылы оқиғалар сабақ болып, бұдан кейін ғарыш айлағында зымырандарды сынақтан өткізген кезде техногендік апаттар болған жоқ",- деді сөз сөйлегендер.

Митингіден кейін қаза тапқан зымыран сынаушылардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

Ғарыш айлағының 41-алаңында да қаралы митинг өтті.

Сонымен бірге Жеңімпаз Георгий шіркеуінің діндарлары қаза тапқандардың құрметіне дұға оқыды.

Естеріңізге сала кетейік, 1960-жылдың 24-қазанында Р-16 құрлықаралық баллистикалық зымыранды алғашқы ұшырылымға дайындау барысында зымыранның екінші кезеңінің қозғалтқыш қондырғысы кездейсоқ іске қосылу салдарынан 41-алаңның ұшырылым жасалатын бөлігінде зымыран жарылды. Соның салдарынан жүзден астам адам опат болып, жараланды. Апаттан зымыран әскерлері мен артиллерия маршалы Митрофан Неделин де мерт болды. Осыдан дәл үш жылдан кейін, 1963-жылы дәл осы күні 70-алаңда конструкторлық ұшу сынақтары кезінде оттегі шығу салдарынан ұшқыннан от тұтанып, лифт істен шығуға байланысты 8 әскери мен бір өнеркәсіп өкілі қаза тапты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны