25.05.2007, 15:36 2920

Балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты сот талқысына қатысушылар іс материалдарымен танысуға кірісті

ШЫМКЕНТ. 25-мамыр. Kazakhstan Today. Балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты сот талқысына қатысушылар іс материалдарымен танысуға кірісті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бүгін біз негізгі тізім бойынша және тараптардың өтінішімен шақырылған куәгерлерді сұрауды аяқтадық",- деді сотқа төрағалық жасаушы судья Зиядинхан Пірниязов. Оның айтуынша, төрт куәгер обьективті себептермен сотқа келмей қалды. "Олар тергеуде берген өз жауаптарын растайтындықтарын айтып хабарландыру жолдады",- деді судья.

З.Пірнияз төрт куәгердің берген жауаптарын оқып берді. Олардың үшеуі - індет жұқтырған балалардың туыстары - дәрігерлерге қан, плазма және дәрі-дәрмек үшін ақша төлеп келгенін растады. Ал төртінші куәгер - фармациялық бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы Нұрлыбек Асылбектің жауабында басқарманың жұмыс тәртібі туралы айтылған.

Жауаптар оқылған соң прокуратура іс материалдарына республикалық СПИД орталығы мен CDC ұйымының "Шымкентте балалар арасында таралған ВИЧ геномының кейбір бөліктерінің нуклеотид тізбектерінің алдын-ала талдауы" атты есебін қосуды өтінді. Есеппен танысып шыққан сотталушылардың адвокаттары айыптаушы жақтың өтінішін қолдады. Судья есепті іс материалдарына қосу туралы өтінішті қанағаттандырды.

Бұдан кейін сот істі сотта қараудың келесі сатысына көшіп, іс материалдарын зерттеуге кірісті. Бүгінгі отырыста қатысушылар 47 томнан тұратын қылмыстық істің алғашқы құжаттарын қарап шықты.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шымкентте 19-қаңтардан бері Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың ВИЧ індетін жаппай жұқтыруына қатысты іс бойынша сот процессі өтуде. 21 адам, соның ішінде 18 медицина қызметкері сотқа тартылуда.

Қазіргі жағдаймен Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 111 бала анықталған, олардың 9-ы қайтыс болып, біреуін шетелге асырап алып кеткен. ВИЧ індеті 14 анадан да анықталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны