05.06.2007, 15:08 3012

Балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыруына қатысты іс бойынша айыптау үкімін шығару екі айыпкердің ауырып қалуына байланысты кейінге шегерілді

ШЫМКЕНТ. 5-маусым. Kazakhstan Today. Балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыруына қатысты іс бойынша айыптау үкімін шығару Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның жұбайының ауырып қалуына байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бүгін сот мәжілісі басталар алдында облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы төрайымы Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның күйеуі, ҚР денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы Рысқұлбек Байхарашевтің қорғаушысы, адвокат Сапар Иміртаев өз қорғауындағы адамдардың ауырып қалғанын хабарлап, анықтама әкелді.

Құжатпен танысқан судья Зиядинхан Пірнияз "Тасмағамбетованың гипертонияға шалдыққаны, ал оның жұбайының кант диабеті дерті асқынғаны туралы диагноз қойылғанын" жеткізді. Сот төрағасы айыпкерлер жоқ жерде мәжілісті жалғастыру мүмкіндігі жөнінде тараптардың пікірін тыңдады. Тараптардың қарсы болмағанына қарамастан, судья "екі айыпкер жоқ жерде айыптау үкімін оқу заң бұзушылыққа жатады, ал ол өз кезегінде сотқа айып тағуға себеп болуы мүмкін екендігін" алға тартты. З.Пірнияз осыған байланысты отырысты жауып, істің бейсенбіде қайта тыңдалатынын хабарлады.

Ал кеше таңертең және кешке өткен мәжілісте сот процессіне қатысушы үш прокурор кезекпен айыптау үкімін оқуға кіріскенімен, толық аяқтап үлгермеді. Айыптаушы жақ бүгін айыпкерлерге жүктелетін жазалар жөніндегі өз талаптарын жария етуге тиіс болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны