21.06.2012, 14:05 16558

"Балапан" бағдарламасы бойынша мектепалды білім беретін ұйымдар саны 3528-ге артты

Қазақстанда мектепалды білім беретін ұйымдардың санын арттырып, балаларды барынша балабақшамен қамту үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. "Балапан" бағдарламасының аясында құрылған мектепалды білім беру ұйымдары арқылы 230 мыңнан астам баланы балабақшамен қамтуға мүмкіндік туған.

Астана. 21-маусым. Kazakhstan Today - "Балапан" бағдарламасы бойынша мектепалды білім беретін ұйымдар саны 3528-ге артты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстанда мектепалды білім беретін ұйымдардың санын арттырып, балаларды барынша балабақшамен қамту үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. "Балапан" бағдарламасының аясында құрылған мектепалды білім беру ұйымдары арқылы 230 мыңнан астам баланы балабақшамен қамтуға мүмкіндік туған.

"Алдағы бес жылда 3 мыңнан астам балабақша мен даму орталықтары ашылып, 400-ге жуық жаңа мектеп салынатын болады, әлемдік деңгейдегі кәсіби колледждер желісін құру жөніндегі жоба жүзеге асырылады", - деді Елбасы Н.И.Назарбаев 2011 жылдың қарашасында өткен "Нұр Отан" ХДП XIV съезінде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепалды білім беру саласында 2010 жылдан бастап "Балапан" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған шаралар арқасында мектепалды білім беретін ұйымдар саны 3528-ге артты, оның ішінде 2697 ұйым шағын орталық, 831 балабақша болып табылады. Осы ұйымдар ашылған соң 230 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға баруға мүмкіндік алды.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2009 жылы 3 жастан 6 жас аралығындағы балаларадың мектепалды тәрбиемен қамтылу деңгейі 36,2 пайызды құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 65,4 пайызға жеткен.

Айта кетерлігі, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің енгізілуі еліміздегі жекеменшік балабақшалардың көптеп ашылуына мүмкіндік берді, олардың желісі 289 ұйымға артып, бүгінгі таңда 499 жекеменшік балабақша мен шағын орталықты құрап отыр.

Білімі бәсекеге қабілетті адам капиталын тәрбиелеуде Қазақстандағы барлық балаға тең жағдай жасау, мектепалды дайындықтың тең стандарттарын енгізу, тамақтану, медициналық қызмет, мемлекеттік тілді үйретуде де бүкіл балаға тең қарау маңызды қадам болып табылады. Осыған байланысты, мектепалды білім беру сапасын күшейту үшін "Мектепке дейінгі балалық" атты Республикалық орталық құрылған. Орталықтың қызметі баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін, мектепалды білім беру саласында мемлекеттік саясат қалыптастырып, сол саясатты жүзеге асыру үшін ғылыми-әдістемелік шарттармен қамтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, "Балапан" бағдарламасының негізгі мақсаты 2015 жылға дейін қалада да, ауылда да мектеп жасына толмаған бүлдіршіндердің 70 пайызын, ал 2020 жылға дейін 100 пайызын балабақшамен қамту болып табылады.

Мектепалды білім және тәрбиемен қамтуға бағытталған шараларды алдағы уақытта да жүзеге асыру Қазақстандағы балабақшалар санын көбейтіп, білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны