АСТАНА. 1-маусым. Kazakhstan Today. Ағымдағы жылдың 10 сәуірі мен 31 мамыры аралығында Ішкі істер министрлігі жүзеге асырған Каспий теңізінің балық қорын қорғау мақсатындағы "Бекіре-2007" операциясы қорытындыланды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР ІІМ әкімшілік полициясы комитетінен хабарлады.
Іс-шаралар өткізу кезінде ішкі істер органдары 215 тәртіп бұзушылықты, оның ішінде 131 заңсыз аулау, 27 сатып алу немесе сату, 57 балық және балық өнімдерін тасымалдауды анықтады. 69 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу" деген 287-бабы бойынша 23, Қылмыстық кодекстің "Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату" деген 183-бабы бойынша 46 қылмыстық іс қозғалды. 72 әкімшілік хаттама толтырылып, 200 мың теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды. Құқық бұзушылардан 36 тонна балық, оның ішінде 4 тоннадан астам бекіре тұқымдас, 156 кг уылдырық, 214 аулау құралдары, 15 жүзу құралдары тәркіленді.
Бекіре өнімдерін елден тыс жерлерге контрабандалық жолмен әкетудің жолын кесу мақсатында Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда Қазақстанның кедендік және шекара қызметі органдарымен бірлескен арнайы іс-шаралар жүргізді.
Операция кезінде заңсыз 23,6 тонна балық, оның 800 кг бекіре тұқымдас және 136 кг уылдырық тасымалдаған 57 автокөлік құралын ұстады, оның ішінде "Атырау-Астрахань" трассасында Қазақстан аумағынан тыс жерге 2,4 тонна балық, оның 259 кг бекіре тұқымдас және 136 кг уылдырықты заңсыз әкетпек болған 18 автокөлік құралы ұсталды.
Мысалы, ағымдағы жылдың сәуірінде Атырау облысындағы "Атырау-Астрахань" трассасында полиция қызметкерлері Ресейдің Астрахань қаласына бара жатқан "ГАЗЕЛЬ" автомашинасын тоқтатып, тексеру кезінде 30,5 кг бекіре тұқымдас балық уылдырығын тауып, тәркіледі. Мамыр айында полиция қызметкерлері кеден қызметі және Батыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп, Ресейге контабандалық жолмен "ГАЗ" автомашинасында 105,6 кг бекіре тұқымдас балық уылдырығын кедендік шекарадан алып өтпекші болған Ресей Федерациясының тұрғынын ұстады.
Балықтар уылдырық шашатын кезеңде республиканың Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан басқа да су қоймаларында белсенді браконьерлік іс-әрекет байқалатынын ескере отырып, аталған облыстардың полиция қызметкерлері облысаралық бассейндік балық қорын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасымен браконьерліктің жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жүргізді.
Ағымдағы жылдың 10 сәуірі мен 31 мамыры аралығында заңсыз балық аулаудың 561 фактісі анықталып, 3 тоннадан аса заңсыз балық тасымалдаған 11 автокөлік құралдары ұсталды. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды. 5 тонна балық, 545 аулау құралдары, 43 жүзу құралдары тәркіленіп алынды. 447 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 1 млн. теңгеге жуық әкімшілік айыппұл өндіріліп алынды.
Операцияға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары ішкі істер органдары және батыс өңірі көлік полициясының негізгі күш және құралдары тартылды.
Аталған облыстардың ішкі істер органдарына көмек көрсетуге республиканың басқа да өңірлерінен 100 полиция қызметкері, сондай-ақ ішкі әскерлердің 120 әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Қосымша жұмылдырылатын күштер мен құралдарды еске отырып, кемеде (теңізде) 2 жылжымалы полиция бекеті, 15 ұтқыр жедел-іздеу тобы (теңіз жағалауы және айналып өту жолдарында), автокөлік жолдарында 13 бақылау-өткізу бекеті, сондай-ақ Атырау қаласы аумағында Орал өзенінің жағалауын бақылауды қамтамасыз ету үшін жинақталған батальон қойылды.
"Іс-шаралар кезінде ішкі істер органдарының негізгі міндеті балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ бекіре өнімдерін елден тыс жерлерге заңсыз әкетудің жолын кесу болып табылды", деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті