27.06.2008, 13:55 2664

Батыс Қазақстан облысында жер сілкінісінен зардап шеккен ауыл тұрғындарының бір бөлігі көшуден бас тартуда - газет

Батыс Қазақстан облысында жер сілкінісінен зардап шеккен ауыл тұрғындарының бір бөлігі көшуден бас тартуда - газет

Орал. 27 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Батыс Қазақстан облысында жер сілкінісінен зардап шеккен Рыбцех ауылы тұрғындарының шамамен тең жартысы биліктің басқа елдімекендерге көшу жөніндегі ұсынысынан бас тартуда, деп хабарлайды агенттік тілшісі Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың "Приуралье" газетіне берген сұхбатына сілтеме жасап.

"Қазір тұрғындардың бір бөлігін Аңқаты және Сарыөмір ауылына көшіруге шешім қабылданды. Қырық бір отбасы Рыбцехте қалуға ниет білдірді. Ауылда қалғысы келгендерге мұндай рұқсат беріледі. Бірақ жауапкершілікті олар өз мойындарына алады. Ауыл аумағымен не істеу керектігі сейсмологтардың қорытындысына байланысты. Мұндай шешім аудандық деңгейде қабылданбайды. Оны облыс басшылығы шешеді. Бәрі сейсмологтардың қорытындысына байланысты", -деді Б. Ізмұхамбетов.

Облыс әкімі Аңқаты және Сарыөмір ауылдарында "келесі аптадан бастап жаппай құрылыс жұмыстары басталады", деп уәде берді. "Біздің облыстың әрбір ауданы жалпы аумағы 150 шаршы метрден бір-бір, яғни, екі отбасына екі пәтерлі бір үйден салуға міндеттеме алған. Орал үш үй, Бөрілі ауданы екі үй салуға тиіс. Қалған аудандар бір үйден салады және демеушілер бірнеше үй салуға уәде берді. Сөйтіп, 52 отбасына 26 екі пәтерлі үй салынады", - деді әкім.

"Жер сілкінісі болып, сейсмологтардың қорытындысы шықты. Олар ауыл аумағында нысан салуға болмайды деп мәлімдеді. Ол жерде тектоникалық жарықшақ өтеді. Ол жерде жуырда шамалы жер асты дүмпулері қайталанды. Бұл ғалымдардың пікірінің дұрыстығын растайды", -деді өңір басшысы.

Бүгінде жер сілкінісінен зардап шеккендердің арнаулы шотына 34,4 млн теңге аударылды. Ол да ауыл тұрғындарын көшіру жобасын жүзеге асыруда пайдаланылады. Қазір ауылды толық көшіру үшін қосымша қаржы жинақталуда.

Ізмұхамбетов сонымен бірге Рыбцех тұрғындарының өздерін Оралға көшіру туралы өтінішін орындай алмайтынын атап өтті. "Тұрғындар менен өздерін қалаға көшіруді сұрай келді. Бірден айтамын, бұл мүмкін емес. Оралда қазір баспана кезегінде бірнеше мың адам тұр. Олардың арасында ардагерлер, мүгедектер мен абспанаға айрықша мұқтаж басқа да адамдар көп. Сонымен бірге, қалада апатты жағдайдағы үйлерді ауыстыру проблемасы аса өткір. Қазір олар қалада екі жүзден асады. Бұл адамдарға да баспана керек", -деді батыс Қазақстан облысының әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны