Батумиде "Абай. Қара сөз" пластикалық қойылымы көрерменге жол тартты
Сурет: ҚР СІМ
Түркістан музыкалық драма театры Грузияның Батуми қаласында Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасына арналған "Абай. Қара сөз" пластикалық қойылымын ұсынды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Қыркүйек айының 2-3 күндері Батуми қаласының Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театрында өткен қойылым қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, грузин көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абайдың философиялық және әдеби мұрасына негізделген қойылымда оның адамгершілік, білім, рухани даму және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ой-толғамдары көрсетілді.
Сонымен қатар, гастрольдік сапар аясында келушілерді Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыруға арналған көрме ұйымдастырылды.
Экспозицияда қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттар мен ыдыс-аяқ, халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің туындылары ұсынылды. Көрме қонақтарға қазақ халқының төл мәдениетімен, дәстүрлері және өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға жергілікті билік органдарының, Грузияның қоғамдық және мәдени ортасының өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ Аджария тұрғындары мен қонақтары қатысты. Гастрольдік сапар Түркістан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің, Қазақстан Республикасының Батуми қаласындағы Құрметті консулының және Art Fest Group қолдауымен ұйымдастырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

