30.10.2015, 12:29 3831

Бауыржан Байбек апаттан көз ашпаған Алматыныӊ трамвайын тоқтатып тастады

Алматыныӊ трамвайы ақыры тоқтап тынды! Депо ертеӊнен бастап уақытша жабылады. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбектіӊ өзі трамвай жұмысын арнайы тексеріп, осындай шешім қабылдады.

Алматы. 30 Қазан. Kazakhstan Today - Алматыныӊ трамвайы ақыры тоқтап тынды! Депо ертеӊнен бастап уақытша жабылады. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбектіӊ өзі трамвай жұмысын арнайы тексеріп, осындай шешім қабылдады. Бұған негізгі себеп - қаладағы темір жолдардыӊ тым нашарлығы. Оныӊ үстіне трамвайлардыӊ соӊғы екі айда үш рет жол апатына себепкер болғаны мәлім. Енді олқылық түбегейлі түзелгенше қоғамдық көліктіӊ бұл түрі тоқтайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Басынан дау арылмаған Алматы трамвай депосыныӊ жұмысы соӊғы айдағы оқыс жағдайлардан соӊ жіті тексеріліп, бүгін ақыры уақытша тоқтату жайлы шешім қабылданды. Депоныӊ мүшкіл жайын көріп қала әкімі де жаға ұстапты. Бір топ нөкерін ерткен Бауыржан Байбек бүгін сол тексеру қорытындысына соӊғы нүктені қоюға өзі келген болатын. Негізі кемшіліктер бұған дейін де талай ескертілген екен. Бірақ басшылығы ешқандай шара қолданбаған. Мәселен шойын жолы әбден желініп, астындағы ағаштарына дейін шіріп жатыр, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Уақытша жабылған депода 101 адам жұмыс істейді екен. Оныӊ 32-і жүргізушілер. Жақын арада олар қайта оқытылып, троллейбус тізгініне отырғызылады. Ал өзге мамандарды серіктестіктіӊ басқа бөлімшелеріне ауыстыру жоспарланған. Себебі, депоныӊ қайта ашылу-ашылмауы белгісіз.

Ерлан Иділов, Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы басшысыныӊ орынбасары:

-Қарау керек, экономика жағынан барлығын есептеп, қарау керек. Жөндеу қаншалықты тиімді болады саралаймыз.

Бірінші кезекте шойын жолдар түгел жаӊартылуы керек. Апаттыӊ жиілеуі көбіне осыған байланысты екен. Соӊғы екі жылдыӊ статистикасы осыған дәлел. Мәселен, былтыр вагондар 20 рет рельстен шығып кетсе, биыл бұл сан 43-ке жеткен.

Төрәлі Төлегенов, "Алматыэлектротранс" ЖШС басқарма төрағасы:

-Жол қандай болса көлік те сондай. Жаман рельспен жүрген трамвай тез тозады. Ауыр көлік бұрылған сәтте жолдан шығып кетуі де мүмкін. Барлығына бізді кінәлай беруге болмайды.

Кінәлауға болмайды дегенмен, тек соӊғы бір айдыӊ өзінде трамвайдыӊ кесірінен үш ірі апат тіркелді. Ондаған көлік зақымданып, талай адам ауруханадан бір-ақ шыққаны есте. Тергеу қорытындысы да әлі күнге жоқ. Ал тоқтаған трамвай маршруттарымен ертеӊнен бастап №20 және 112-ші автобустар жолға шықпақ.

Осылайша бүгін рейске шығып, кешке қайта оралған трамвайлардыӊ енді шойын жолмен қашан жүретін уақыты белгісіз. Кешенді тексеріс қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарыныӊ көлемі анықталмақ. Егер материалдық тұрғыда бұл тиімсіз деп танылса, онда - трамвай қоғамдық көлік түрінен тарихи жәдігерге айналуы әбден мүмкін.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны