29.02.2008, 10:54 1001

"Базис-А" Алматыдағы Республика алаңы қазылатынын ресми түрде мәлімдеді

"Базис-А" Алматыдағы Республика алаңы қазылатынын ресми түрде мәлімдеді

Алматы. 29-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - "Базис-А" компаниясы Алматыдағы Республика алаңы толығымен қазылатынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы бейсенбі күні "Базис-А" корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович тілшілерге мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Корпорация басшысы хабарлағандай, бастабында "Алмалы" көп функциялы жер асты орталығын туннельдік тәсілмен салу жоспарда болмаған.

"Мұндай ғимараттарды салуда туннельдік тәсіл мүмкін емес. Метро салғанда ғана туннельдік тәсіл қолданылады. Жер астында одан әрі жылжуға мүмкіндік беретін арнайы қалқандар болады. Онымен диаметрі 12 метр ғана қазуға болады. Ал біздің жағдайда оның ені 100 метрден асады. Сондықтан мұндай ғимараттарды туннельдік тәсілмен салу мүмкін емес. Бұл ашық құрылыс. Біз алаңның жартысын қаздық. Енді ғимарат саламыз, сосын оны көмеміз. Бұл ғимараттың шатырын жасаймыз. Тек содан кейін ғана көлік ағынын жібереміз", - деді А. Белович.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс сыртынан қоршалған алаңның бір жақ тұсында жүргізіліп жатыр. "Бүгін біз жолды жауып, осы бөлікті салудамыз. Оны салып біткеннен кейін көліктер уақытша ғимараттың солтүстік тұсымен өтетін болады. Ал қазір көлік жүріп жатқан бөлікті біз қазба жұмыстарын жүргізу үшін жабамыз", - деді корпорация басшысы.

Ол, сондай-ақ, компания 25-наурызда құрылыстың екінші кезеңіне аяқ басатынын хабарлады. Ол 9-10 ай бойы жүргізілмек. Оның айтуынша, бұл жерде кешеннің бірінші бөлігінде пайдаланылған технологиядан өзгеше технология пайдаланылатын болады.

"Екінші кезеңде пайдаланылатын технология - 25-27 метр тереңдікке диаметрі бір метрге жуықтайтын діңгекті сүңгіту әдісі. Ол шұңқырды, монументті, өзге де ғимараттарды қорғайтын болады. Мұнда біз қазір қолданып отырған технологияға ұқсамайтын технология пайдаланылмақ", - деп түсіндірді А. Белович.

Естеріңізге сала кетсек, алаңның астынан орталық салуға Қазақстанның ұлттық-демократиялық күштерінің өкілдері қарсы болған еді. Олар бұл құрылыс алаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты тарихи рөліне сай емес деген болатын. "Бұл тек пайда қуу ғана емес, Желтоқсан оқиғасының жәдігерін жою ниеті болып табылады", - деп мәлімдеген еді өткен жылдың қаңтар айында қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин. "Ақыр аяғына келер болсақ, бұдан басқа да жерлер бар емес па? Неліктен тап осы жерде осындай жайттар орын алуы керек", - деген болатын Ж. Қуанышәлин.

Ал Алматы қаласының әкімі И. Тасмағанбетов "Алмалы" орталығын салуды қолдады. "Республика алаңының астынан көп функциялық кешеннің салынуына келер болсақ, мен бірқатар алматылықтардың бұл құрылыстың жөнсіз салынуы жайындағы пікірлерімен таныспын. Мен бұл оймен мүлде келіспеймін. Себебі - алаң дегеніміз мазар не мұражай емес, ол өзінің белгілі бір функциясын атқарады", - деген еді И. Тасмағамбетов. "Біз алаңдар тек ресми қызмет қана атқаратын, яғни, әскери парадтар ғана өткізілетін кеңестік жүйеден бас тартқымыз келеді. Алаң ол кезде осыдан басқа қызмет атқармаған. Адамдар ол алаңдарды айналып өтуге тырысатын. Себебі, ол биліктің алаңы еді", - деп толықтырған болатын қала әкімі.

Сонымен бірге, сәулет және құрылыс саласындағы сарапшылар Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сейсмикалық нормаларға сай келмейтіндігін талай рет көрсетіп, қала орналасқан 10 балл жер сілкінісі қаупі бар аймақта жөнсіз зәулім ғимараттар мен жер асты құрылымдарын салудың болуы мүмкін салдары жөнінде бірнеше мәрте ескерткен еді.

Соған қарамастан, сейсмологтардың мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары Алматыда қауіп тудыратын жер асты тербелістері тіркелмеген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны