15.05.2007, 15:25 1463

"Бекіре-2007" шарасы барысында 3,9 тонна бекіре тұқымдас балық пен 154 килограмм уылдырық тәркіленді

АСТАНА. 15-мамыр. Kazakhstan Today. "Бекіре-2007" шарасы барысында тәртіп сақшылары 31,1 тонна балық, соның ішінде 3,9 тонна бекіре тұқымдас балық пен 154 килограмм уылдырық тәркіледі. Бұл туралы ҚР ІІМ табиғат қорғау полициясы бөлімінен хабарлады.

"10-сәуір мен 14-мамыр аралығында "Бекіре-2007" шұғыл алдын алу шарасы барысында Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстық ішкі істер органдары 156 заң бұзушылықты анықтап, тиісті құжаттары жоқ 19 тонна балықты, соның ішінде бекіре тұқымдас 732 килограмм балықты тасымалдаған 43 автокөлікті ұстады",- делінген табиғат қорғау полициясының хабарламасында.

Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, 45 қылмыстық іс, соның ішінде 20 іс ҚР Қылмыстық Кодексінің (су жәндіктерін заңсыз аулау жөніндегі) 287-ші, 25 іс - ҚР Қылмыстық Кодексінің (көпе-көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату жөніндегі) 183-ші бабы бойынша қозғалған. Жалпы көлемі 157,3 мың теңгеге 61 әкімшілік хаттама жасалды.

Атап айтсақ, табиғат қорғау полициясының мәліметтерінше, Атырау-Орал тас жолының бойында, Чапаево ауылының маңында Зеленовский ауданының тұрғыны айдаған "УАЗ" көлігі ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында құжаттары жоқ, бекіре тұқымдас 413 килограмм балық табылып тәркіленді.

Атырау облыстық су полициясының қызметкерлері Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Амангелді ауылының маңында заңсыз балық аулап жүргені үшін Исатай ауданы, Жанбай ауылының екі тұрғынын құрықтады. "Маринер-55" аспалы моторы бар "Прогресс-4" қайығын тексеру барысында 26 килограмм бекіре тұқымдас балық, 1 килограмм уылдырық, навигациялық аспап пен ұзындығы 200 метрге жететін ау табылды.

Сонымен бірге Ақтөбе облыстық ІІД табиғат қорғау полициясының қызметкерлері техникалық реттеу және метрология басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз саудасына жол бермеу үшін Ақтөбе базарларында рейд жүргізді. Соның барысында бекіре тұқымдас балықтың уылдырығын таңбасыз сатуға қатысты 8 дерек анықталды. "Құжаттары жоқ 10,2 килограмм уылдырық тәркіленді. Оны заңсыз сатып алу көзін анықтау үшін тексерулер жүргізіліп жатыр",- деп хабьарлайды табиғат қорғау полициясы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны