Система Orphus

"Бес Тұлға" тұрғын үй кешенінің жанындағы үйлердің тұрғындары Алматы қаласының әкімінен салынып жатқан құрылысты бұзуға жәрдемдесуді өтініп отыр

21.04.2008, 17:49 2476

Алматы. 21 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - "Бес Тұлға" тұрғын үй кешенінің жанындағы үйлердің тұрғындары Алматы қаласының әкімінен салынып жатқан құрылысты бұзуға жәрдемдесуді өтініп отыр, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі бастамашы топқа сілтеме жасай отырып.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 21 қабаттық ғимарат Алматы қаласының дәл ортасында рұқсат құжаттарынсыз салынып жатыр. Қалалық сот аталмыш ғимаратты бұзуға үкім шығарған. Алайда үкім әлі орындалған жоқ.

"Сізге шағымдануымызға Сәтбаев - Радостовец - Мыңбаев - Гагарин көшелерінің ортасындағы сот үкімімен бұзылуға тиісті заңсыз ғимараттарды (1,3,4,6 нүктелері) бұзу туралы мәселе Алматы қаласы әкімінің жанындағы қала құрылысы кеңесінде қайта қаралып жатқандығы жайлы ақпарат себеп болды", - деп хат жазған тұрғындар әкімге.

"Санитарлық нормалар мен ережелердің өрескел бұзылуы осы құрылыстың қазаншұңқыры қазылғаннан бері келе жатыр. Біздің үйлеріміз, №22 мектеп пен зәулім үйлер арасы 12-15 метр ғана. Үйлеріміздің терезесі құрылысқа қараған. Пәтерлеріміздегі желдету, жарық беру режимі бұзылған. Зәулім үйлер арасында аула үшін, көліктердің шығып кіруі үшін орын қалдырылмаған", - деп жазылған хатта.

Сонымен қатар, тұрғындар "құрылыс барысында "Атамекен құрылыс" ЖШС ауламызға кіретін жалғыз жол болған Радостовец көшесінің жартысын, Радостовец көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі Мыңбаев көшесінің бір бөлігін, Гагарин даңғылындағы аяқжолды, №22 мектептің стадионының бір бөлігін өз еріктерімен басып алды" деп хабарлайды.

"Құрылыс иелері тіпті Радостовец көшесінің бойынан АПК 2006 жылы ыстық судың магистральды құбырын тартқанын да ескергілері келмеді. Мыңбаев көшесінің бойында да осындай құбыр мен канализация құбыры бар. Енді қандай да бір техногендік апат бола қалса заңсыз салынған құрылыс пен біздің үйлеріміздің арасынан ешбір арнайы техника өте алмайды", - деп ескерткен тұрғындар.

"Енді Алматы қаласының бұрынғы әкімі И. Н. Тасмағамбетовтың үнсіз енжарлығының арқасында жер сілкінісі туа қалса біздің өмірімізге қатер төндіретін заңсыз биік ғимараттар үйлерімізге қауіпті жақын жерде салынды... Құрметті Ахметжан Смағұлұлы! Біз Сізден жер телімін тәркілегеннен кейін мұндай заңсыздықтарға жол бермеуіңізді сұраймыз. Осы кішігірім жер учаскесін жаңа мектеп салуға берсеңіз жақсы болар еді. Себебі, біздің аумақта биік ғимараттар жеткілікті. Ал №22 мектеп оқушыға толы. Ал әзірге сот үкімімен бұзылуға тиісті заңсыз салынған ғимараттарды тезірек бұзуға көмектессеңіз екен", - деп көрсетілген хатта.

Ертең арнайы баспасөз мәслихатында "Атамекен құрылыс" басшылығы осы дауға байланысты өз ұстанымдарын жариялауға уәде беріп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны