04.06.2007, 14:28 2641

Биыл 144 117 мектеп түлегі бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесін пайдаланбақшы

АСТАНА. 4 -маусым. Kazakhstan Today. Биыл 144 117 мектеп түлегі бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесін пайдаланбақшы. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында республиканың білім және ғылым вице-министрі Фархад Қуанғанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Биыл 174 мың бала мектеп бітіреді, оның 82 проценті , немесе 144 117 бала бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуға өтініш берді", - сказал Ф. Қуанғанов. Оның айтуынша, соның ішінде 83 мыңнан астам бала қазақ, 60 мыңнан астам бала орыс тілінде оқыған. Сонымен бірге ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде білім алған 7 419 бала қорытындысы мемлекеттік аттестацияны дәстүрлі емтихан түрінде тапсырып, жоғары оқу орнына түсу үшін шілде айында кешенді тестілеуге қатысады.

Вице-министр ағымдағы жылы бірыңғай ұлттық тестілеу шарасы 10 - 15 маусым аралығында 51 жоғары оқу орны мен 103 мектептің негізінде ұйымдастырылған 154 тестілеу бөлімшесінде өткізілетінін жеткізді. "Түлектер оқыған тіліне қарай қазақ немесе орыс тілі, математика және Қазақстан тарихы пәндері мен таңдаған мамандығына байланысты тағы бір пәннен емтихан тапсырады", - деді Ф. Қуанғанов.

Оның айтуынша, тестілеу шарасын өткізу үшін республикалық бюджеттен 521 млн теңге бөлінген. Соның ішінде 108 млн теңгесі облыстық бюджеттерге мектеп түлектерін тестілеу бөлімшелеріне жеткізу, тамақтандыру мен жатын орынмен қамтамасыз етуге мақсатты трансферт түрінде бөлінген. "Мемлекеттік комиссияның жұмысына министрліктің 635 өкілі қатысады, олар бірыңғай ұлттық тестілеу технологияларын сақтау үшін барлық бөлімшелерге таратылған", - деді вице-министр.

Осыған байланысты Ф. Қуанғанов былтыр мемлекеттік комиссия мүшелерінің бірыңғай ұлттық тестілеу шарасын өткізу барысына араласу деректері анықталғанын атап өтті. "Жауап парақшаларды ауыстыру, дұрыс жауаптардың кодын тарату, мектеп түлектері тарапынан ұялы байланыс телефондарын пайдалану деректері анықталды. Осындай деректердің алдын алу үшін министрлік бірқатар шараларды қолданып, бірыңғай ұлттық тестілеу тапсырмаларының коды ҰҚК-нің мемлекеттік құпиялар тізіміне жататын мәліметтерінің ведомстволық тізіміне енгізілді", - деді ол.

Сонымен бірге , Ф. Қуанғановтың хабарлауынша, биыл бірінше рет 120 мың тапсырма бойынша бірыңғай ұлттық тестілеудің бүкіл базасына сараптама жасалды. "Исіресе тапсырмалардың қазіргі қолданыстағы оқу бағдарламаларының мазмұнына сәйкестігіне баса назар аударылды", - деді вице-министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны