14.08.2009, 15:27 5448

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 1780 түлек оқуларын аяқтап елге оралды

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 1780 түлек оқуларын аяқтап елге оралды

Астана. 14 тамыз. Kazakhstan Today - Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 1780 түлек оқуларын аяқтап елге оралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚР президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы 4446 қазақстандыққа тағайындалды. Илемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып, елге оралған "Болашақ" бағдарламасының түлектері бүгінде мемлекеттік қызметте, жергілікті және орталық қызмет атқару органдарында, халықаралық мекемелер мен өкілдіктерде, ұлттық компанияларда, қаржы және акционерлік қоғамдарда, білім саласында еңбек етіп елдің дамуына ат салысып жүр.

Дәл қазір талантты жастар алдында "Болашақ" бағдарламасының аясында әлемнің 32 елінде үздік білім алуға үлкен мүмкіншілік туып отыр.

Жыл сайын "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегері атануға ниет танытатын үміткерлер саны артуда.

Бүгінгі күнге дейін конкурстық іріктеуге 2783 азамат құжат тапсырды. Оның 2 429-ы конкустық іріктеу сатысына жіберілді. Соңғы мәліметтерге қарағанда 1 792 үміткер жалпы конкурс негізінде 155-і квота бойынша, 482-і шет елдің жоғары оқу орнына өз бетімен түскендер.

Барлық үміткерлердің оқу бағдарламасы бойынша өтініш бергендері: бакалавриат бағдарламасы бойынша - 1 115 үміткер; магистратура бағдарламасы бойынша - 1 274 үміткер; докторантура бағдарламасы бойынша - 6 үміткер; клиникалық ординатура бойынша - 17 үміткер; ғылыми тағылымдама бойынша - 17 үміткер.

Үміткерлердің басым бөлігі Ұлыбританияда (1 129 азамат) оқуға ниет білдірген. Қалғандары АҚШ (680 ), Канада (124), Ресей (128), Швейцария (86), Сингапур (47), Германия (40), Австралия (38), Малайзия (33 ), Чехия (23), Франция (21), Қытай (19), Швеция (17), Нидерланды (11), Норвегия (7), Италия (5), Австрия (5 ), Жапония (5), Корея (1 ).

"Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы үкіметінің 2008 жылғы маусымның 11-індегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу ережесіне сәйкес жүргізіледі.

Ауыл жастары, 3 жылдан кем емес үздіксіз еңбек өтілі бар мемлекеттік, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер үшін квота көзделген. "Болашақ" бағдарламасы аясында әлемнің үздік оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі де қарастырылғанын баса айтқан жөн. Сонымен қатар, квота бойынша конкурсқа қатысушы үміткерлер үшін төменгі тілдік деңгей салыстырмалы түрде төмендетілген, яғни квота жүйесі бойынша білім алатын стипендиаттарға ұзақтығы 4 оқу семестріне (2 жылға жуық) дейінгі, ғылыми тағылымдамалар бойынша 1 оқу семестріне (жарты жылға жуық) дейінгі тілдік курстан өту мүмкіндігі ұсынылған.

Бүгінгі күні "Болашақ" бағдарламасы бойынша 949 стипендиат шет елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны