12.06.2012, 16:15 2930

Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурсқа 74 мың түлек қатысады

Қ.Ибдиевтің айтуынша, конкурсқа ҰБТ сынағын тапсырған барлық оқушылардың 64 пайызы қатысқалы отыр.

Астана. 12-маусым. Kazakhstan Today - Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурсқа 74 мың түлек қатысады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Ибдиев рm.kz сайтына берген сұхбатында мәлім етті.

Қ.Ибдиевтің айтуынша, конкурсқа ҰБТ сынағын тапсырған барлық оқушылардың 64 пайызы қатысқалы отыр.

Ұлттық бірыңғай тест сынағының 154 арнайы пунктте өтіп жатқанын атап көрсеткен ол, қазіргі уақытта барлық түлектің 78 пайызы немесе 117 431 оқушы емтихан тапсырып болғанын айтты.

Орталық директорының пікірінше, ағымдағы жылы ҰБТ өткізу кезінде объективтілікті жақсартуға қол жеткізіліп отыр.

"Жалпы алғанда, биыл ҰБТ объективтілігін жақсарту мәселесінде оң нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Түлектердің барлығы лайықты бағаларын алды. Ол үшін бірқатар шара қабылданды. Мысалы, аудиторияларда, әсіресе ауылдық жерлерде, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері емтихан қабылдады. Тест сынағын ұйымдастыруға алғаш рет білім және ғылым саласындағы өңірлік бақылау департаменттерінің қызметкерлері атсалысты. Бұл - білім беру сапасына бақылау жүргізетін жаңа құрылым",- деп атап көрсетті Қали Ибдиев.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу 1-15 маусым аралығында арнайы жабдықталған 154 пунктте өтуде. 107 пункт аудан орталықтары мен қалалардағы мектеп ғимараттарында орналастырылып, ал қалған 47-сі облыс орталықтары мен Астана және Алматыдағы жоғары оқу орындарының ғимараттарында жабдықталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны